Құжат қабылдау

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқуға үміткерлердің құжаттарын қабылдау басталды. 

 

Қаңтардың 5-інен Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түскісі келетін өңір оқушыларының құжаттарын қабылдау шарасы бастау алды. Облыстағы кез-келген 6-сыныптың оқушысы ақпанның 21-іне дейін мектепке құжаттарын тапсыра алады. Ал сәуірдің 14-15 күндері арнайы тестілеу ұйымдастырылып, одан сүрінбей өткендер Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы атана алады. 

 

-Аталған конкурс 2022-2023 оқу жылында 7-сыныпта Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқығысы келетін үміткерлерге жарияланып отыр. Арнайы байқауға қатысатындар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантына ие болса, мектепте тегін білім алады. Грант иегерлеріне тегін мектеп киім-кешегі – форма мен спорт киімі, тегін тамақ қарастырылған. Аудандар мен ауылдардан келген балаларға тегін жатақхана беріледі, – деп түсіндірді Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев. 

Құжат қабылдау комиссиясы 5 қаңтардан 21 ақпанға дейін жұмыс істейді. Жерлестеріміз балаларының құжаттарын дүйсенбі-жұма күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін, ал сенбі күні 9.00-ден 13.00-ге дейін тапсыра алады. Үміткерлерден қажет негізгі құжаттар – баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, үміткердің ЖСН-і, заңды өкілдің ЖСН-і көрсетілген жеке куәлігінің көшірмесі және үміткердің соңғы оқу жылындағы үлгерімі мен тәртібі туралы табелінің расталған көшірмесі. Өзге құжаттар сол жерде толтырылып, тапсырылады. Үміткердің фотосын да комиссия мүшелері құжат қабылдағаннан кейін жасайды. Мектепке келер алдында ата-аналар сайтта өздерінің келетін уақыттарын брондап алулары қажет.

– 2022 жылғы 14-15 сәуір күндері талапкерлердің кешенді тестілеуі өтеді. 6-сынып оқушылары математика, сандық сипаттамалар, жаратылыстану, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері бойынша өз білімдерін көрсетеді. Бұл сынаққа дейін үміткерлердің ақылы тестілеуден өтіп, өз деңгейін анықтап, дайындалу мүмкіндігі бар, –  деп қосты Данияр Уәлиев.

Айта кетейік, биыл “Өркен” грантын иеленуге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Үміткерлердің жинаған ұпайлары тең болған жағдайда, бірқатар пәндер бойынша ең көп ұпай жинаған балаларға басымдық берілетін болады.