Татулығы жарасқан тағдыры бір халықпыз

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Татулығы жарасқан тағдыры бір халықпыз» атты концерт өтті. Шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орйластырылды.
Ұлт пен ұлыстың, бауыр мен туыстың ынтымақпен ту ұстаған мекеніне, күн көзіндей жылылық пен ұлылықты паш еткен, бейбітшіліктің бесігін тербеткен елімізге мамырдың мамыражай мерекесі келіп жетті. Бүгінгі дүбірлі той біраз уақыт бойы тоқтап қалған қоғамдық әрі мерекелік шараларға бастама салып отыр. Сондықтан, мектеп ұжымы Қазақстан халқының бірлігі күнін бар сән-салтанатымен атап өтуде. Мерекелік шараға орай оқушылар түрлі ұлттардың өнерін қамтыған нөмірлерді ұсынып, ұлттық аспап домбыраны күмбірлетті. Мерекеде әр халықтың ұлттық киімдерінің дефилесі де ұйымдастырылды.
Кейін кезек ұлттық ойындарға берілді. Мектеп алаңында оқушылар қазақтың асық ату, белдесу, арқан тарту ойындарына ат салысып, өз араларындағы мықтыларын анықтасты. Шараға барлық оқушылар қатысып, білек күшін сынай алды.
Тағы бір мерекелік алаң басында мектептегі 12 шаңырақтың өкілдері бауырсақ тойын ұйымдастырды. Әр шаңырақ ашық аспан астында қазан-ошақ қойып, қызған майда қып-қызыл бауырсақтар пісірді. Мереке қонақтары кез-келген шаңырақтың дастарханына жайғасып, жаңа піскен бауырсақ пен астан дәм татып, мерекеге ортақтасты.
и ещё 6