Робототехникадан өңірлік олимпиада

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехникадан World Robot Olympiad 2022 байқауының облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды.
Оған облыстың 4 мектебінен жас конструкторлар мен бағдарламашылар қатысты.
Назарбаев Зияткерлік мектептері Қазақстандағы Бүкіләлемдік робототехника олимпиадасының ұлттық ұйымдастырушысы болып табылады. Байқаудың бұл түрі жастардың шығармашылық қабілетін және проблемалық мәселелерді шешу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Әр маусымда WRO жаңа тақырып аясында ұйымдастырылады. Биылғы олимпиада «Менің роботым – менің досым» атауымен өтуде. Олимпиаданың облыстық кезеңі Петропавл қаласындағы NIS базасында ұйымдастырылды. Оған 4 мектептен жасақталған құрамалар – Қызылжар Абай орта мектебі, Қожаберген жырау атындағы No6 орта мектеп, қалалық бірінші жалпы білім беретін IT лицейі және Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы ат салысты. Қалалық Қожаберген жырау атындағы мектепте робототехника кабинеті биылғы оқу жылында ғана пайда болған. Уақыттың тығыздығына қарамастан, оқушылар робототехника негіздерін меңгеріп, «Robomission» категориясының кіші санатында бақтарын сынап көрді.
Балалар бір апта бойы дайындалып, роботтарды құрастырып, олар бағдарламалады. Машиналар белгілі бір жерлердегі арамшөпті жинап, көгалды шауып өтуі қажет. Мектебіміздің командасы жақсы нәтиже көрсететініне сенемін, – деп бөлісті Қожаберген жырау атындағы No6 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Ерлан Балтабек.
Мерей Жүсіпова мен Санжар Айдосұлы бапкерлерінің үмітін ақтап, өз топтарында бірінші орынды иеленді. Ал «Robomission» категориясының юниорлар санатында Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің жасөспірімдері күш сынасты.
Біздің лего роботымыздың алдында тұрған міндеттері бар. Оны адамдарды құтқаратындай етіп бағдарламаладық. Сонымен қатар, отқа су құюы керек. Досым Әлімгермен бірге жеңіске жететініме сенімдімін дейді, – дейді Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 В сыныбының оқушысы Хасан Шоқат.
Робототехника мен жасанды интеллекттің үйлесімі әлемді және бізді қоршаған ортаны өзгерте алады, деген сенімде робототехника олимпиадасының қатысушылары. Сондықтан жастар роботтарын күш сынастырып қана қоймай, адамға нақты көмек көрсете алатын машиналардың жобаларын да ұсынды. Осылайша «Болашақ инноваторлар» шығармашылық номинациясында жас ерекшеліктері бойынша бірінші орындарды Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Арлан Мұхамеджанов, Владислав Просеков және Қызылжар Абай орта мектебінің оқушылары Максим Баранов пен Ольга Насонова иеленді. Айта кету керек, бұл мектептің Станислав Жарткеев пен Данил Грабовскийден құралған командасы жасөспірімдер арасында «RoboMission» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алса, үшінші орын да осы мектептің тәрбиеленушілері Жансар Садриев пен Евгений Семячкоға бұйырды. Кіші топтағы «RoboMission» аталымы бойынша да Қызылжар Абай орта мектебінің балғындары 2-3-орындардан көрінді.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы болса, 3 алтын алқаны және тағы сонша күміс медальді қанжығаларына байлады. Бірінші орындарға ие болған барлық командалар маусым айында өтетін олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама иеленді.