Бес Назарбаев Зияткерлік мектебінің арасында баскетболдан желілік спартакиаданың өңірлік кезеңі аяқталды.
Бұл күндері Түркістандық NIS-тің спорт залдары тартысты ойындар, қызу теке-тірестер мен нағыз жеңістердің алаңына айналды. Жүлделі орындар үшін тартыстарда Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұлдар және қыздар командалары өздерінің барлық спорттық шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсете алды.
Әсіресе ұлдар командасы өз жанкүйерлеріне керемет тартыстарға толы әдемі ойындарын сыйлады. Мықты бәсекелестікке қарамастан, олар спорттық шеберліктері мен тынымсыз дайындықтың арқасында Атырау командасын ғана алдына жіберіп, жүлделі екінші орынға жайғасты.
Біздің команда үшін ең ауыр ойын Павлодар командасымен өтті. Қос құрама да екінші орын үшін барын салды. Бұл жекпе-жек шеберлік пен техниканың ғана емес, командалық ойын, стратегия мен табандылықтың да маңызды екенін көрсетті, – дейді ұлдар командасының капитаны Тамерлан Хайруллин.
Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің қыздар командасына болса, бұл кезеңде тең келер қарсылас табылмады. Баскетболшы арулар үш күн бойына кездескен барлық қарсыласын жоғары ұпай басымдығымен тізе бүктірді.
Біз бес мектептің арасынан оңайлықпен суырылып алға шықтық. Келесі кезең бұндай болмайтыны анық, сондықтан оған барынша дайындаламыз, – деп бөлісті қыздар командасының капитаны Ақбота Кошкинбаева.
Алда балаларды өңірлік кезеңдердің жүлдегерлері арасында өтетін ақтық ойындар күтеді.