Қозыбаев универститеті оқушылардың назарында

“Туған елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясының аясында үздік шаңырақтың өкілдері облыс орталығындағы бірегей жоғарғы оқу орны М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне барды.
Алдағы оқу жылынан мұнда екідипломдық жүйенің негізінде қазақстандық және америкалық диплом иесі атану мүмкіндігі беріледі. Жоғарғы оқу орнында АҚШ-тың Аризона университетімен бірлескен бірнеше оқу бағдарламасы ұсынылған. Оқушыларды қарсы алған проректор Дәмел Мектепбаева оларға білім ордасының мүмкіндіктері жайлы баяндады. Келер оқу жылында 70 заманауи зертхана орналасқан су жаңа оқу корпусы іске қосылады. Ал экспедиция барысында оқушылар білім ошағына есімі берілген Манаш Қозыбаевтың музейін аралап шықты. Жақында жаңартылған нысанда қазақ халқының тарихы жайлы шынайы ақпарат жинаған көрнекті тұлға жайлы мәліметтерге тұнып тұр. Тарихшы жайлы сирек кездесетін деректерді де оқушылар осы жерден таба алады. Бұдан соң оқушылар университет қабырғасында жұмыс істейтін хлорелла шығаратын зертхананың жұмысымен танысты. Қазір осы зертханада жұмыс істейтін жекеменшік мекеме ерекше өсімдіктің көмегімен қала шетіндегі қалдық сулар құйылатын тоғанды тазартуда. Алдағы уақытта оқушылар пайдасы сан алуан бір жасушалы балдырға қатысты зерттеу жұмыстарын да жүргізуге ниетті.
Күннің екінші жартысында оқушылар облыс орталығындағы діни нысандарды аралап, Жеңіс саябағына саяхаттап барды.