“Қос Аңыз” пікірсайыс турнирі

Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 15 жылдық мерейтойына орай Петропавлдық NIS-те ұстаздар арасында республикалық “Қос Аңыз” пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Шараға еліміздің түрлі өңірлерінен қазақ лигасының 12 құрамасы қатысты. Дебатшы мұғалімдер білім беру саласындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салып, қызу пікірталас ұйымдастырды.
Бүгінде пікірсайыс қозғалысы мектеп оқушыларының арасында жақсы дамыған. Оқушылар облыстық, республикалық сайыстарға үнемі қатысып отырады. Дегенмен оқушыларды осы сайыстарға әзірлейтін ұстаздардың арасында бұндай жарыстар жоқтың қасы. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 15 жылдық мерейтойына орай Петропавлдық NIS-те алғаш рет педагог пікірсайысшыларға арналған республикалық “Қос Аңыз” түрнирі ұйымдастырылды.
Ұстаздардың арасында тәжірибе алмасудың маңызы өте зор. Өйткені бұл қозғалыс оқушылардың ортасында кеңінен танымал. Сондықтан форматтың біріңғайлығын қамтамасыз етіп, ортақ тақырыптар, шәкірттерге нені үйрету керектігі, ұтымды тұстары қандай екенін көрсету үшін ұстаздарды үйрету мақсатында, екіншіден, мұғалімдердің ораторлық шеберліктерін шыңдау үшін алғаш рет осы “Қос Аңыз” пікірсайыс турнирін ұйымдастырдық, – дейді Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Бақытжан Тұрсынов.
Екі күн бойы Астана, Павлодар, Ұлытау, Семей, Қостанай Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлерінен келген мұғалімдер білім беру саласы, қоғамның өзекті проблемаларын ортаға салып, өзара талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Данияр Кемешев дебатпен студенттік кезден айналысып келеді. Бүгінде “Қағида” пікірсайыс клубына жетекшілік етіп келетін ұстаз, турнирде өзіне біраз тәжірибе жинағанын айтады.