Облыс мектептерінің жетекшілеріне арналған тренинг

Қала және аудан мектептерінің директорлары мен орынбасарлары “Заманауи мектепті басқару” компьютерлік симуляторын пайдалану бойынша арнайы іс-шараға қатысты. Білім беру ошақтарының жетекшілері үш күн бойы өздерінің басқарушылық қабілеттерін шыңдамақ.
“Заманауи мектепті басқару” компьютерлік тренажерін NIS Педагогикалық шеберлік орталығының және мәскеулік ЕdСrunch Academy-ның IT-мамандары бірлесіп, білім беру мекемелері басшыларының кәсіби басқару дағдыларын дамыту мақсатында әзірлеп шығарған. Бұл платформамен танысып, өздерінің басқару қабілеттерін тәжірибеде тексеру үшін 150-ден астам облыс мектептерінің директорлары мен олардың орынбасарлары Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне жиналды. Олар симулятордың көмегімен нақты өмірден алынған жағдайларға сүйеніп, дұрыс шешімдер қабылдай алды.

– Ойын барысында 9 негізгі аспект бойынша мектепті дамытуға қатысты 1600-ге жуық шешім қабылдауға болады. Виртуалды мектепті басқару кезінде қатысушылар қателесуі мүмкін. Осы бұрыс шешімдерге сүйенген тренажер әр басшының әлсіз жақтарын анықтап, ойын барысында практикалық кейстерді ұсынады, – деп атап өтті Педагогикалық шеберлік орталығының Петропавл қаласындағы филиалының директоры Ольга Тушинская.
Тренажерде жаттығу кезінде әр команда өзінің виртуалды мектебін басқарады. Симулятор модельдерінің шынайылығы және ұсынылған жағдайлар әр мектеп командасына қабылданған шешімдердің нәтижесін көруге және олардың тиімділігі мен салдарын бағалауға мүмкіндік берді.
— Симулятордың жақсы тұстары көп екен. Мектептегі негізгі аспектілерді — сапа, әкімшілік қызмет, ұстаздардың көшбасшылығы, мектеп инфрақұрылымы сияқты тұстары есепке алынады. Негізгі стейкхолдерлердің барлығының пікірінің негізінде мектепті дамытуды көздейтіні көңілден шықты. Жұмыс барысында қиындықтарға да тап болдық, — деп бөлісті Петропавл қаласының жалпы орта білім беретін эстетикалық бағыттағы N8 мектебінің директоры Айгерім Уәлиева.