NIS виртуалды мектебінің қатысушылары сертификат алды

Қысқы демалыс кезінде қала мектептерінің 6-сынып оқушылары Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қысқа мерзімді оқудан өтті.

 

2021 жылдың 11 қазанынан Назарбаев Зияткерлік мектебінің vs.nis.edu.kz сайтында виртуалды мектепке қатысушыларды тіркеу жүргізілген болатын. Виртуалды мектепке жазылған қала оқушылары «Математика», «Жаратылыстану», «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» пәндері бойынша білім алып, өткен материал бойынша арнайы тапсырмаларды орындады. Кейін балалар қорытынды тестілеуге қатысты. Олар барлық тапсырмаларды өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн режимінде орындай алды. Бұдан кейін қорытынды тестілеуде жалпы ұпайлардың 50 пайызын жинаған оқушылар қысқы демалыс  кезінде Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қысқа мерзімді оқуға шақырылды. 4 күннің ішінде мұғалімдер оқушыларға конкурстық іріктеуден өтуге қажетті бірқатар дағдыларды үйретті.

-Мен сынақ тестілеуінен өткен уақытта кейбір тапсырмаларды орындауда қиындықтарға тап болдым. Ал мектеп қабырғасында ұйымдастырылған курс барысында тапсырмалардың әр түрін анықтауды, оларды шешуді үйрендім. Бұл жерде бізге тест тапсырудың тактикасы түсіндірілді. Маған осы дайындық біраз көмектесті, – деп бөлісті қала мектептерінің бірінде оқитын Мансұр Умаров.

Виртуалды және демалыс мектептеріне қатысу оқушыларға Назарбаев зияткерлік мектебінде 7-сыныпта оқу үшін конкурстық іріктеуге тегін дайындалуға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.