Жыл мұғалімі — 2023

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Жыл мұғалімі” байқауы ұйымдастырылды. Шарада мектептің 11 ұстазы бағын сынады.
“Жыл мұғалімі” байқауы Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жыл сайын өтіп тұрады. Биыл оған 11 педагог қатысты. Бірінші кезекте байқауға қатысушылар “Менің педагогикалық ұстанымым” көрмесін ұйымдастырды. Ол жерде қазылар алқасының мүшелері мен оқушылар мұғалімдердің кәсіби жетістіктерін көрсететін портфолиомен, әдістемелік әзірлемелерімен, жарияланымдарымен және басқа материалдарымен таныса алды. Сондай-ақ, үй тапсырмасы ретінде олар “Мен — тұлғамын, Мен — мұғаліммін” таныстыру карточкасын дайындап, өздерін, кәсіби имиджін, оқыту тұжырымдамасын ашып таныстырды.
“Планеталар шеруі” кезеңінде қазылар алқасы қатысушылардың ашық сабақтарына қатыса алды. Мұнда әр ұстаз іс жүзінде өзінің педагогикалық шеберлігін көрсетті. Әрі қарай, “Шешендік өнерде” мұғалімдер өздерінің шешендік шеберліктерін, сөйлеу мәнерін, сауатты сөйлеуді меңгеру дәрежесін паш етуі қажет болды. Ал “Педагогикалық жағдай” кезеңінде қатысушылар ұсынылған проблемалық жағдайдың шешімдерін рөлдік ойын түрінде ұсынды.
Мектепішілік кезеңнің қорытындысы бойынша бас жүлдеге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Мұқанова ие болды. Ағылшын тілі мұғалімі Дастан Мияшев бірінші орынды иеленді. Екінші орын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Жулдаспаева мен математика пәнінің мұғалімі Арман Меңдібаевқа бұйырды. Үшінші орынды география пәнінің мұғалімі Олжас Жақыпов, тарих пәнінің мұғалімі Жанар Касиенова, химия пәнінің мұғалімі Анна Мещанова бөлісті. Аслан Құсайынов, Салтанат Жұмабекова, Жанат Исалин және Әлия Молдахметова арнайы номинацияларға ие болды. “Жыл мұғалімі — 2023” конкурстың келесі кезеңінде Петропавлдық NIS намысын қорғау құрметіне ие болады.