Жергілікті дәрумен

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жергілікті дәрумен жасамақшы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары экологиялық мәселелер мен азық-түліктің тиімсіз пайдаланылып жатқанына алаңдаулы. Бұл мәселелерді шешу үшін олар Солтүстік Қазақстан облысында өсірілген азық-түлік өнімдерінің құрамына кіретін аскорбин қышқылы бар дражелер жасауды көздеп отыр. Оқушылар химия, биология сабақтарында, сондай-ақ «ECO JELI» экологиялық клуб үйірмелерінде облысымызда өсетін итмұрындық, қарақат, шырғанақ, қызыл бұрыш және ақжелкеннің құрамындағы С дәруменінің деңгейін байқамақшы. Сондай-ақ пайдалы заттарды анықтау мақсатында болашақ ғалымдар жергілікті және импорттық өнімдердің химиялық құрамын салыстыруды көздеп отыр. Бірегей драже жасауға С дәруменінің ең көп мөлшері анықталған жергілікті тағам өнімдері қолданылады.
Алихан Гусейнов, Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «Ғ» сыныбының оқушысы:
Үш айдың ішінде жерлестеріміздің дәрумендік қорын толықтыру мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Мектеп жобасына біз өңірде өсетін қолжетімді тағам өнімдерін қолданамыз. Өткен қыста шетелдік лимон мен зімбірге сұраныстың күрт артқаны есімізде. Әркім қымбат бағаға қарамастан өзінің денсаулығын қорғағысы келді. Ал айналып келген, бұл өнімдер тоңазытқыштарда бүлініп жатты. Біз табиғат өнімдерін тиімсіз пайдалануға қарсымыз. Табиғат пен тағамды іске жаратуда ұтымдылық қажет. Сондықтан біздің команда шетелдегі жемістерге жергілікті балама ойлап таппақшы. Ең бастысы, бұл витамин қолжетімді және экологиялық таза болады.
Экологиялық жоба нақты нәтиже берсе, оқушылар дәруменді тіпті өнеркәсіптік ауқымда шығаруға әзір отыр. Айта кетейік, бұл жобаны мектеп оқушыларының құрамасы барлық NIS мектептерінде іске қосылған «Су. Азық. Энергия» экохакатоны аясында қолға алды. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде «ECO JELI» экоклубтары жұмысын бастады. Жаңа білім беру жобасы экология мен табиғатты қорғау мәселелеріне бей-жай қарамайтын мектеп оқушыларының басын біріктіреді. Осылайша балалар өз үйінің, мектебінің, қаласының, тіпті елдің экологиялық мәселелерін шешуге тартылады.