Жеңіс жауынгерімен жүздесу

Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері Қожатай Некібаевті Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Оқушылар қарт майдагерге тәтті сыйлықтарын ұсынып, күйден шашу шашты.
Қожатай Некібаев Солтүстік Қазақстан өңіріндегі көзі тірі 15 ардагердің бірі. Бүгінде 97 жасқа келген қарт биыл Ұлы Жеңіс мерекесінің 77 жылдығын қарсы алатын болады. Небары 17 жасында Отан үшін от кешуге аттанып, елін жаудан азат етіп, бүгінде қариялықтың құрметін көріп отырған қартқа Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ оқушысы келді. Балалар ардагерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, өздерінің сыйлықтарын тарту етті. Кейін қарияны айнала жайғасып, шынайы тарих сабағына қатысқандай болды. Соңғы соғыс жаңғырығының естілгеніне 77 жыл өтсе де Қожатай ата сол күндерді есінде жақсы сақтаған. Сондықтан ол балаларға әскерге шақырылған 1943 жылдан жеңіс туралы естіген 1945-тің көктеміне дейінгі ұзақ әрі ауыр кезең туралы бір демде айтып берді.
Бізге 1943 жылдан 1944 жылға дейін әскери істің бар қыр-сырына баулыды, қолымызға қару ұстатты, шүріппесін басып, көздеуге, әскери тактикаға үйретті. Содан әбден ысылған соң Украинадан бастап, кейін Румыния, Австрия, Чехословакия аумағындағы шайқастарға қатыстық. Жау берілгісі келмеді. Әсіресе, Германия жақын аумақтарда мықты қарсылық көрсетіп, өз позицияларын сақтап қалуға тырысты. Дегенмен, 1945 жылы сәуірдің соңында, Германияның тізе бүккені туралы қуанышты хабар алдық, – деп бөлісті қарт майдангер.
Бейбіт өмірге араласқан Қожатай Некібаев кейінгі бар саналы ғұмырын бүгінгі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары сияқты балаларды оқытуға арнаған екен. Туған ауылы – Жамбыл ауданының Орман орта мектебінде 30 жылдан астам уақыт ұстаздық еткен. Соңғы 37 жыл бойы қария зейнетінің бейнетін көріп келеді. Балаларға қуанып қалған майдангер жастарға өз өсиетін жеткізді.
Бүгінде басты міндеттерің – жақсы білім алу. Бар білімді пайдаланып, жаңалық ашуға тырысыңдар. Ешбір қиындықтан мойымай, тек алға ұмтылу керек. Аман болыңдар, балапандар, – деп аталық батасын берді Қожатай қарт.
Балалар өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагеріне домбыраны күмбірлетіп, күй шертті. Өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Табаны күректей төрт жылға созылған соғыстың куәгерінен тарих сабағын алған балалар қарияның 100 жасқа толған мерейтойына да міндетті түрде келетіндерін жеткізді.