Жартылай финалдың ойыншылары анықталды

Футзалдан ІІІ желілік спартакиаданың екінші күнінде қыздар және ұлдар командалары жартылай финалға жолдама алған командаларды анықтады. Бұл күні барлығы 12 ойын өтіп, жартылай финалға 8 құрама шықты.
Футзалдан ІІІ желілік спартакиадының ақтық кезеңінің екінші күні де қызықты сәттерге, тартысты кездесулерге толы болды. Өйткені соңғы ойындар кімнің осы жерден спартакиаданы аяқтап, ал кімнің әрі қарай медальдар үшін таласқа түсетінін айқындап береді. Әдеттегідей, күннің бірінші жартысында алаң қыздардың иелегіне берілді. Жарыстың екінші күнінде Өскемен құрамасы іріктеу кезеңіндегі соңғы ойынын Семеймен өткізіп, жалпы командалық есепте 7 ұпаймен жартылай финалға шықты. Семей құрамасы бұл күні көршілерінен ғана емес, алаң иелерінен де ұтылып, ойынды тоқтатты. Ал Петропавлдың қыздар құрамасы бұл күнгі тағы бір жеңісті кездесуін Қызылорда қаласының мектебімен өткізіп, В тобындағы жартылай ақтық сынға жолдама алған тағы бір құрама болды. А тобында жартылай финалға Орал қаласы мен Шымкент құрамасы шықты. Ақырғы күнгі ойындарда осы төрт құрама алдымен жартылай финалда, кейін ақтық сында жүлдегерлер кубогын сарапқа салады.
Барлық командалар өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеуде. Сондықтан екі күн бойы жеңіске жету оңайға соғып жатқан жоқ. Десе де құрамадағы қыздарға дән ризамын. Бұл жолы Сара, Дәрия жақсы өнер көрсетті. А тобында үздік екі командамен алдағы күні кездесетін боламыз, – деп ой бөлісті Петропавл командасының ойыншысы Мадина Сағынтай.
Ұлдардың арасында да екінші күнгі кездесулер бір демде өтіп, бірнеше әдемі голдар соғылды. Дегенмен кездесулердің қорытындысы бойынша оза шауып, қарсыластарынан басым түскендері ғана жартылай финалға жолдама алды. Алғашқы күнгі екі кездесуін де жеңіспен аяқтаған алматылық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі екінші күнгі Таразбен өткізгн кездесуін 6:4 есебімен аяқтады. Осылайша оңтүстік астананың командасы В тобында көш бастап, қоржынына 9 ұпайды салды. Екінші орын алаң иелері – Петропавлдық ұлдарға бұйырды. Олар да Тараз құрамасынан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды. А тобында Өскемен құрамасы алға суырылып шықты. Соңғы кездесуінде Қостанайлық құрамаға жол бергенімен, қоржындағы 6 ұпай командаға ақтық сынға жолдаманы алып берді. Аталған топтан тағы Нұр-Сұлтан қаласының құрамасы да келесі кезеңге шықты. Бұл күні елордалық құрама Шымкентпен тең кездесу өткізіп, қостанайлықтарды 7:2 есебімен ойсырата жеңді.
Финал болғандықтан, әр өңірдің мықты командалары жиналды. Әр ойын қиынға соғуда. Оңай келіп жатқан жеңіс жоқ. Жалпы, Петропавл қаласы бізді жақсы қарсы алды. Командаластарыма, жанкүйерлерге алғыс білдіремін, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы командасының капитаны Әлтаир Жұмаш.
Футзалдан ІІІ желілік спартакиаданың үшінші күнінде барлығы 8 кездесу өтеді. Қыздар командасы өзара 4 кездесу және ұлдар құрамалары тағы сонша ойын өткізіп, шараның салтанатты жабылуында жеңімпаздар мен жүлдегерлер және бес номинация бойынша үздік ойыншылар марапатталмақ.