Туған елге тағзым

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары “Туған елге тағзым” шарасына қатысуда.

Дәстүрлі экспедиция аясында мектеп оқушылары алдымен туған қалаларының іргелі кәсіпорындарымен танысты. Олардың арасында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеу институты бар. Балалар кәсіпорынның бар мүмкіндіктерін байқады. Мұнда жергілікті ғалымдар селекция, өнімділікті арттыру мәселелерімен айналысады. Ал “Максимальный размах” ЖШС өңір тұрғындарын жартылай фабрикаттармен қамтамасыз ететін ірі кәсіпорын. Бұл жерде балалар серіктестік жұмысшылары әзірлеген тағамдардан дәм тата алды. Сонымен қатар, “Туған елге тағзым” шарасы аясында оқушылар Киров атындағы зауыттың мүмкіндіктерімен де танысты.

Биыл қазақ халқының біртуар тұлғасы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы, Сарытомар ауылында дүние есігін ашқан. Сондықтан оқушылар даңқты жерлесінің туған өлкесін назардан тыс қалдырмай, “Туған елге тағзым” өлкетану экспедициясының аясында Мағжан Жұмабаев ауданына аттанды. Бүгінде Сарытомар ауылында көненің көзіндей болған Мағжан Жұмабаевтың мұражайы бар. Мұнда кез-келген музейде кездесе бермейтін Мағжанның өзі қолданған заттар жинақталған. Сондықтан оқушылар Мағжан бабаларының өмірі мен қызметі жайлы баяндайтын құжаттармен асқан қызығушылықпен танысты.

— Мен Жұмабаевтар әулетінің сирек фотолары мен Мағжанның сақталып қалған жалғыз кітабын өз көзімен көре алғаныма қуаныштымын. Мұндайды кітаптан көре алмайсың. Тек мұражайға келіп, тарих тұңғиығына сүңгүге болады, — деп бөлісті 11 А сыныбының оқушысы Адия Алибаева.

Мұнда Алаш қайраткерінің өмірі мен қызметі жайлы мәлімет үнемі толығып тұрады. Өйткені музейге арнайы келетін зерттеуші ғалымдар ұлты үшін күресіп өткен жанның қызметіне қатысты өз зерттеулерімен бөлісіп отырады. Сыршыл ақын, Мағжан Жұмабаев жайлы бұл мағлұматтарды балалар алда зерттеу жұмыстарында қолданатын болады.

Сонымен қатар “Ұрпақ” шаңырағының оқушылары аудан орталығы Булаев қаласындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайын аралап, тарихқа тағы серуендеді. Бұл жерде осы өлке тұрғындарының түрлі жылдардағы өмірі мен тұрмысын баян ететін деректер мен құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Қызығушылық танытқан оқушыға бұл мұражайда да зерттеп-зерделейтін мәліметтер молынан. Экспедицияға келген балаларын сан сауалдарын қойып, алдағы жұмыстарына негіз болар пайдалы ақпаратты түртіп алды.

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары “Туған елге тағзым” шарасының аясындағы өлкетану экспедициясын жалғастыруда. Биыл өлкеміздің тарих пен сырға толы жерлерін аралау мүмкіндігі “Ұрпақ” шаңырағына бұйырды. Бұл шаңырақтың оқушылары оқу жылының өне бойында оқуда алда, түрлі шараларда белсенді болып, жыл соңында үздік атанған болатын. Сондықтан жазғы демалыстағы әсерлі өлкетану саяхатына шығу мүмкіндігі осы шаңырақ өкілдеріне берілді. Кезекті күні балалар автобусқа мініп, Мамлют ауданына жол тартты. Мұнда бірнеше жылдан бері қымыз өндіруді өндірістік жолға қойған “Арқалық” шаруашылығы бар. Қымыздың емдік қасиеттері ежелден таныс. Сондықтан бүгінде бұл кәсіпорын әзірлейтін табиғи сусынға деген сұраныс жоғары. Фермада балалар қымыздан дәм татып қана қоймай, оны әзірлеу әдісімен мұқият танысты. Жаңа туған құлындарды да тамашалап, ерекше әсер алды.

Балалардың “сауығу” бағдарламасы мұнымен аяқталмай, олар шипалы мекен — Меңгесер тұзды көліне аялдады. Көл суы мен балшығы сауықтыру қасиеті жөнінен белгілі Өлі теңізден артық түспесе, кем емес.

“Туған елге тағзым” өлкетану экспедициясының барысында Перопавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айыртау ауданына барды.

Бұл ауданда да туған өлкенің өмірі мен тарихынан сыр шертер нысандар жетерлік. Мысалы осы аудандағы Сырымбет ауылында XIX ғасырда салынған Айғаным қонысы бар. Бұл — Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның қыстағы болған құтты мекен. Тарихи орынға келген оқушылар 2 ғасырлық тарихы бар мекеннің шежіресімен, мұнда сақталған жәдігерлермен танысты.

Қоныста Шоқанның қолжазбалары мен өзі қолданған заттар сақтаулы. Сонымен қатар, Айғаным ханымның қолданған самауырлары, ат әбзелдері, ыдыс-аяқ та бар. Тарих қойнауынан сыр шерткен тұрмыспен қатар оқушылар экспедиция аясында заманауи өндіріспен де танысты. Соның бірі — “TEZIS” ЖШС. Бұл — өлкеде жақында ашылған кәсіпорын. Мұнда ірімшіктің 20-дан астам түрі дайындалады. Оқушылар олардың бәрінен дәм татып, алда осы бағытта зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
NIS оқушыларын туған жердің тарихымен және бүгінгі өмірімен таныстыруды көздейтін “Туған елге тағзым” өлкетану экспедициясы аяқталды. 6 күннің ішінде оқушылар өңірдің 5 ауданы — Қызылжар, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Есіл аудандарына саяхаттап барды. Бұл жерлерде балалар тарихи нысандармен, өндірістік кәсіпорындармен танысты. Сонымен қатар табиғат аясында аялдап, тынықты. Мәселен, “Туған елге тағзым” экспедициясының соңғы күнінде оқушылар Есіл ауданындағы Таранғұл көліне барды. Бұл су көзінің өзіне тән флорасы мен фаунасы баршылық. Саяхат барысында жиналған мол мағлұмат алдағы уақытта оқушылардың зерттеу жұмыстарына негіз болмақ. Жаңа оқу жылында балалар өз ғылыми жобаларын жазады.
— Бұл шара бәріміздің көңілімден шықты. Маған кереметтей ұнады. Әр күн қызықты, танымды өтті. Әрі демалып үлгердік. Пайдалы, дамуымызға негіз болатын ақпарат алдық. Фабрика, зауыт, музей бәрін аралап қайттық, — деп бөлісті 11 сынып оқушысы Рамина Айбекқызы.
— Менің ойымша, осы жоба арқылы оқушылар өз өңірлері жайлы білімдерін кеңейтіп, туған жерге деген қызығушылықтарын арттырды. Мұражайларды, зауыттарды, табиғи орындарды араладық. Өте пайдалы әрі қызықты сапар болды, — дейді 11 сынып оқушысы Адия Алибаева.