«Теңгенің» тарихымен танысу

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ұлттық валюта – теңге күніне арналған көрмені тамашалады. 

15 қараша күні Қазақстан Республикасында ұлттық валюта – теңге күні аталып өтіледі. 1993 жылы дәл осы күні елімізде төл валюта айналымға енгізілді. Тәуелсіз Республиканың тәуелсіз ақша-несие және экономикалық саясатының тарихы осы сәттен басталады. Бұл күн еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі болып саналады. Мерекеге орай Абылай хан резиденциясында еліміздің Ұлттық банкімен бірлескен көрме ұйымдастырылды. Көрмені тамашалаған Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына Қазақстанның рубль аймағынан қашан шыққаны және банкноттардың әртүрлі үлгілерінің дизайны туралы айтылды. 

 

 

– Арнайы топқа кірген мамандар Қазақстан мәдениетінің тарихи дамуын зерттеп, негізгі ерекшеліктерді купюралардың дизайнына қосты. Ақша бірлігін «теңге» деп атау идеясы белгілі қазақстандық экономист Сауық Тәкежановқа тиесілі. Ұлттық валюта айтарлықтай қысқа мерзімде – бір жылдың ішінде айналымға енгізілді. Соған қарамастан теңгенің сапасы жоғары және оны қолдан жасау өте қиын, – деп түсіндірді Абылай хан резиденциясының экскурсоводы Назгүл Бейсембина.

 

Оқушылар айналымнан шығарылған номиналы 2, 5, 10, 20, 50 тиындық сауда монеталарын, 1, 5, 10, 20 теңгелік нейзильбер қорытпасынан жасалған ақша монеталарын да көрді. Сонымен қатар, көрмеде естелік тарихи оқиғаларға, Қазақстанның атаулы күндеріне және еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларға арналған коллекциялық монеталар да баршылық.