Премьер-Лиганың футболшылары NIS оқушыларына шеберлік сағатын ұйымдастырды

Петропавлда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің футзалдан ІІІ желілік спартакиадасы өтті.
Бұл шараға еліміздің 12 Назарбаев Зияткерлік мектебінен 16 команда жиналды. 7-8 сынып оқушыларынан құралған жас аяқ доп шеберлеріне ойындар аясында солтүстікқазақстандық “Qyzyljar” футбол командасының 5 ойыншысы келіп, шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің футзал алаңы бұл күндері тартысты ойындар мен жанкүйерлердің мықты қолдауына толы болды. Білім ошағы футзалдан ІІІ желілік спартакиаданы ұйымдастырған болатын. Оған еліміздің 12 қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұлдардан және қыздардан құралған 16 командасы ат салысты. 7-8 сыныптардың зияткерлері сабақта ғана емес, спортта да мықты екендіктерін дәлелдеп бақты. Осылайша ақтық ойындарға ұлдар командаларының арасынан Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен қалаларының және алаң иелері Петропавлдың құрамалары шықты. Петропавлдық қыздар да алдарына жан салмай, ақтық ойындарға жолдама алды. Оларға Шымкент, Орал және Өскемен қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бәсекелестік танытуда. Оқушылардың дайындықтары жоғары. Петропавлға келген әр құрама осыған дейін наурыз айында ұйымдастырылған аймақтық кезеңдерде бірінші және екінші орындардан табылып, іріктеуден өткен болатын. Солтүстікке жиналған құрамалардың қызу ойындарын білікті судьялар бағалады. Балалардың шеберліктерін кәсіби футболшылар – солтүстікқазақстандық “Qyzyljar” футбол командасының ойыншылары Мирослав Лобанцев, Дарко Зорич, Стефан Живкович, Тимур Мульдинов, Евгений Козлов тамашалап, балалардың дайындығына тәнті болды. Олар балалардың пастарына, соққан голдарына және қақпашылардың ширақ қимылдарына өз қолдауларын білдіріп отырды.
Әдемі ойындарыңа куә болдық. Дайындықтарың жақсы. Әсіресе, қақпашы ретінде жастардың голдарды өткізбей, ұстап алғандары қуанытты. Алдағы уақытта да спортты жандарыңа серік етіп, алған бағыттарыңнан таймаңдар, – деді “Qyzyzljar” ФК қақпашысы Мирослав Лобанцев.