Петропавлдық NIS-тің жас конструкторлары

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары робототехника бойынша «Central Asia First Championship— 2023» жарысына қатысты. Оқушылар республикалық командалардың арасында «Breakthrough award» номинациясына ие болды.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің намысын робототехника бойынша жарыста «ArtaRobotics» командасының 8 қатысушысы — 8, 9 және 10 сынып оқушылары қорғады. Жас конструкторлар өңір тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету жобасын ұсынды.
— Біз өз жобамызды “Облысымыздағы электр энергиясының тапшылығын шешу” деп атадық. Бұл тақырып қазір жергілікті ЖЭО-дағы проблемаларға байланысты әсіресе өзекті. Біз өз жобамызға сай робот жасадық. Біздің станция құмды батареялардың арқасында жел энергиясын жылу энергиясына айналдырады. Осылайша тұрғындар жылумен қамтамасыз етіледі, – деді 10 “А” сыныбының оқушысы, “ArtaRobotics” командасының жетекшісі Таймас Едрисов.
«Central Asia First Championship— 2023» шарасын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «USTEM Robotics» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Робототехника бойынша халықаралық чемпионат оқушылардың зияткерлік-шығармашылық және инженерлік-техникалық әлеуетін ашады, цифрлық технологияларды қолдану арқылы қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешуде креативті ойлауды қалыптастырады. ҚР аумағында FIRST чемпионаты 2017 жылы бастау алған болатын. Ол FIRST LEGO League (4 жастан 16 жасқа дейін), FIRST Tech Challenge (12 жастан 18 жасқа дейін), FIRST Robotics Competition (14 жастан 18 жасқа дейін) кезеңдерін қамтиды. FIRST LEGO League Challenge — бағдарламаның жоғары санаттарының бірі. Онда 10-16 жас аралығындағы студенттер зерттеу, проблемаларды шешу, кодтау және дизайнмен айналысады. Осылайша олар Робот ойынында белгілі бір миссияны орындайтын робот жасап, оның бағдарламаламасын әзірдейді, сондай-ақ нақты мәселені анықтау және шешу үшін инновациялық жобаға қатысады.
Роботтарды жобалау және бағдарламалау саласындағы дарынды оқушыларды біріктіретін чемпионатта біздің оқушыларымызға елімәздің барлық облыстарынан жиналған 1200 жас конструктор бәсекелес болды. Петропавлдық Назарбаев Зияткерлік мектебінің робот құрастырушылары бұл сайыста «Серпіліс” номинациясына ие болды. Марапаттан басқа, әр қатысушы құнды тәжірибе мен жарқын әсер алып, жаңа достар мен пікірлес жандар таба алды.