Петропавлдық NIS-тің математика пәні мұғалімі үздік атанды

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Наталья Устинова республикалық авторлық бағдарламалар байқауында бірінші орынды иеленді.
 Оның “Математика+. Дамытушы тапсырмаларды шешу” бірегей бағдарламасы 39 үміткердің арасында үздік деп танылды.

Бұл бағдарлама 9-10 сынып оқушыларына арналған. Автор өз бағдарламасының күнтізбелік-тақырыптық жоспарлауын, әртүрлі тақырыптарды, дамытушы тапсырмалар жинағын, әдістемелік ұсыныстары мен бағалау құралдарын жан-жақты зерттеп жинақтап, ұсынған. Оқу құралы оқушылардың математикалық дағдыларын дамытуға, ең бастысы оларды ынталандыруға бағытталған.

– Біздің секция бойынша көптеген жұмыстар ұсынылды. Арасында менің бағдарламамның жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Бұл бағдарлама барлық жоғары сынып оқушылары үшін пайдалы болады деген үміттемін”, — деп бөлісті Наталья Устинова.
Байқаудың мақсаты – еліміздің үздік педагогтарының озық авторлық тәжірибесін анықтап, тарату. Байқауға қатысу мұғалімдерге кәсіби педагогикалық қызметтегі жетістіктерін көрсетуге және өз жұмысының нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік береді.