Петропавлдағы NIS оқушысы — халықаралық жастар байқауының жүлдегері атанды

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Айсана Құсайынова халықаралық «Горизонт-2100»*22 ғылыми, ғылыми-практикалық және ғылыми-фантастикалық жұмыстар байқауының жүлдегері атанды.
Ол өзінің ғылыми-фантастикалық жұмысын жақын болашақ туралы эссе түрінде ұсынған. Жастардың арасында ұйымдастырылған конкурс оқушының қызығушылығын бірден тудырыпты. Өйткені Айсана ғылыми фантастиканы құмарта оқиды. Содан ол бірден сайтта тіркеліп, қатысуға өтініш жолдаған.
— Мен бұл байқауды әлеуметтік желілерден тауып, қатысуға бел будым. Негізі эссені пандемия кезінде жазған болатынмын. Өйткені коронавирус бүкіл әлемде үлкен проблемаға айналды. Мен аталған мәселені барша адамзатқа жеткізіп, бұндай жағдайларда бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсеткім келді, — деп бөлісті Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айсана Құсайынова.

Возможно, это изображение 1 человек, стоит и в помещении

Оқушы эссесін дәрігердің күнделік жазбасы түрінде ұсынды. Онда ақ халаттының пациенттермен жалғыз қалған күндерінен үзінділер жазылған. Сондай-ақ, науқастардың көбеюіне байланысты мамандардың жетіспеушілігі кезіндегі олардың ауыр жұмысы сипатталады. Нәтижесінде түрлі елдердің 9 дәрігері бірлесіп вакцина ойлап тауып, вирусты жеңіп шыққан. Айсананың эссесі барлық тексерістерден сәтті өтіп, ол «Жарқын старт» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.

Айта кетейік, «Горизонт-2100» ғылыми, ғылыми-практикалық және ғылыми-фантастикалық жұмыстардың халықаралық жастар байқауы 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытта шараға әлемнің 55 елінен 16 мен 26 жас аралығындағы мыңнан жас қатысқан. 2022 жылы конкурсқа 400-ден астам жұмыс жолданған, оның ішінде 10-ы — Қазақстандықтардың жұмысы. Айсана мен тағы екі отандасымыз жүлдегер атанды. Енді NIS оқушысы ақпан айында Мәскеуге өтетін «Әлем 2100: жаһандық трендтер және болашақ жастардың көзімен» халықаралық жастар форумына барады.