Петропавлда NIS challenge ұйымдастырылды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желісінде алғашқы NIS CHALLENGE зияткерлік ойыны өтті. Іс-шараны NIS мектептерінің түлектері ұйымдастырды. Ойынға “НЗМ дамыту қоры” корпоративтік қоры және Jusan компаниялар тобы демеушілік жасады.
Петропавлда аталған ойынға 7 адамнан құралған 10 команда қатысты. Әр командаға 7-11 сынып оқушылары, биылғы және 2017, 2019, 2020 және 2021 жылғы түлектер кірді. Оларды қолдауға өткен жылдардың 8 түлегі арнайы келді. Сондай-ақ, залға оқушылар мен педагогтар қатарынан 60-қа жуық жанкүйер жиналды.
Барлық командалар түстер бойынша аталып, өздеріне атрибут таңдап, сұрақтарға жауап берді. Бірінші раундта оларға NIS-ке қатысты 21 қысқа сұрақ қойылды. Екінші раундта ребустарға жасырылған NIS жобалары ұсынылды. Ал үшінші раундта криативтілік танытқан командаларға жанкүйерлер өз бағаларын берді. Ойын қорытындысы бойынша барлық қатысушылар демеуші Jusan Bank ұйымының JUSAN Singularity IT мектебінде оқуға мүмкіндік алды. Ал зияткерлік ойынның жеңімпазы атағына “Сұрлар” командасы ие болып, сыйлық ретінде үстел ойыны мен брендтелген су бөтелкелерін алды. Сондай-ақ, “НЗМ дамыту қоры” корпоративтік қоры жеңімпаздарға 100 мың теңге бөлді. Жеңімпаз команданың мүшелері бұл қаржыға NIS Alumni ұсынған “Аялдама” жобасын қолдауды жөн деп шешті. Сондықтан балалар болашақта өз подкасттарын жазуды жоспарлап отыр.