Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Көкшетауға аттанды

Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-те 13-16 маусым аралығында «Young Explorers-2022» зерттеу курсы өтеді.
Курсқа еліміздің Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 8-9 сынып оқушылары мен мұғалімдері ат салысуда. Бұл шарадан Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Дулат Файзуллин мен Аружан Омарова да шет қалған жоқ.
Курс жетекшісі – «National Geographic Society» жанындағы мұғалімдердің Консультативтік кеңесінің мүшесі Алисия Прэссел.
Алғашқы күні қатысушыларға команда құру тренингі ұйымдастырылды, футболдан және волейболдан достық кездесу, сондай-ақ, «Бір әннің тарихы» ән кеші өтті.
Маусымның 13-інде «Young Explorers-2022» зерттеу курсының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Оқушылар «Табиғатты аялайық» экологиялық акциясына, «Зияткер, алға!», «Көкшетау» ойындарына және «Старт-Азарт» спорттық эстафетасына қатысады.
Курс барысында қатысушылар Щучье – Бурабай курорттық аймағына, Мәлік Ғабдуллин атындағы мұражайға экскурсияға шығып, түрлі мәліметтер мен деректер жинайды.