NIS түлектері әлеуметтің осал тобынан шыққан бір оқушының оқу ақысын төлеуден ниетті

Еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде бір уақытта “NIS challenge” шарасы өтті. Оған Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен түлектері де ат салысты.
“NIS challenge” шарасы — еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің бірлестігі — Alumni NIS, “Даму қоры” корпоративтік қоры және мектеп әкімшілігі бірлесіп ұйымдастыратын дәстүрлі шара. Онда оқу ордаларын тамамдаған әр жылдардың түлектері мен оқушылар бірлесіп, зияткерлік ойынға қатысып, туған мектептері, еліміздің тарихы мен қайраткерлері жайлы өз білімдерін сынайды. Бұдан бөлек, шара барысында фандрайзинг жүргізіліп, түрлі заттарды сату арқылы қаражат жиналады. Әр жылы NIS түлектері бұл қаржыны сан алуан мақсатқа жұмсайды.

— Биыл біз еліміздегі 22 зияткерлік мектептің әр бірінен 100 мың теңге қаржы жинамақшымыз. Оны биыл Назарбаев Зияткерлік мектептерінің біріне оқу грантын иеленбеген, бірақ резертік тізімге алынған, әлеуметтің осал тобынан шыққан бір балаға “Өркен” грантын алып беруге жұмсауды көздеп отырмыз. Осылайша, бүгінгі ойында жиналған қаражаттың арқасында тағы бір бала біздің мектепте білім алу мүмкіндігін иеленеді, — деп атап өтті Alumni NIS амбассадоры, мектептің 2022 жылғы түлегі Жайна Кенжетаева.

Бұдан бөлек, “NIS Challenge” шарасы арқылы ұрпақтар сабақтығы іске асып, түрлі жылдардың түлектері ізбасарларымен кездесе алды. Бірі туған мектептеріне деген сағыныштарын басса, өзгелері бүгінгі студенттерден ақыл-кеңес алды.

— Туған мектебіме қайта оралғаныма қуаныштымын. Бұл жердің мен үшін орны бөлек. Сондықтан, мектебіме қайта-қайта оралып, қолымнан келгенше көмек көрсетуге әзірмін. Бүгін ұстаздарымды, сыныптастарымды көріп, қуанып қалдым, — деп бөлісті мектептің 2021 жылғы түлегі Ерхат Файзулла.

Шараға Петропавлдық NIS-ті 2017, 2019, 2021 және 2022 жылдары тамамдаған 20-дан астам түлек қатысты. Бүгінде NIS түлектерінің жалпы саны 17 мыңнан асып жығылады. Олар осындай игі шараларды алдағы уақытта да жалғастырмақшы. Бұл уақытқа дейін түлектердің басын біріктірген Alumni NIS “Аялдама”, “Белес”, “Самғау”, “Тәлім”, “NIS Challenge” жобаларын іске асырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бүгінгі оқушыларына түрлі қолдау шараларын іске асырып келеді.