Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері Франкфуртта кездесті

Қазақстан Республикасының Франкфурт қаласындағы Бас Консулдығында Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің кездесуі өтті. Петропавлдағы NIS түлегі Ангелина Бендер де отандастарымен жүздесті.

«Alumni NIS» – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектерін біріктіретін ұйым. Желтоқсан және қаңтар айларында олар бүкіл ел көлемінде алғашқы «SAMGAU» форумын ұйымдастырған болатын. Аталған кездесулерде әр жылдардағы студенттер бүгінгі оқушылармен маңызды ақпаратпен бөлісіп, оларды өз жетістіктерімен жігерлендірген-ді. Германияда оқитын NIS түлектері де елден жырақта жүрсе де бір-бірімен көрісу мүмкіндігін иеленді. Қазақстан Республикасының Франкфурт қаласындағы Бас Консулдығында Германиядағы биохимия, цифрлық технология, машина жасау, инженерия, логистика және экология салаларында мамандандырылған үздік университеттерде оқитын NIS түлектері кездесті.

Солардың бірі – Петропавл қаласындағы NIS түлегі Ангелина Бендер қазір Technische Universität Munchen-де цифрлық технологиялар саласын меңгеруде. Қазірдің өзінде Германиядағы ең ірі сақтандыру компанияларының бірінде жұмыс істейтін ол сүйікті мектебінен зор мүмкіндіктер мен үлкен қолдау алғанын жасырмайды.

  • NIS – менің дамуымның негізгі себепкері. 11-12 сыныптарда студенттік өмір үшін маңызды тәртіп пен уақытты басқару сияқты қасиеттерімді дамыта алдым. Мектепті А және А* көрсеткіштерімен аяқтап, ҰБТ-да ең жоғары ұпай жинадым. Кейін Германияның ғана емес әлемнің үздік (ТОР-50) жоғары оқу орындарының бірі саналатын Мюнхеннің техникалық университетіне түстім. Екінші курста мені Allianz сақтандыру компаниясына investment Accounting бөліміне жұмысқа алды, – деп бөлісті Ангелина Бендер.

Жиында Ангелина өзге NIS түлектерімен кездесіп, танысқан. Дипломаттар тарапынан жасалған жайлы әрі отбасылық атмосфера, шынайы диалог пен дәмді дастархан атамекендерінен жырақта жүрген балалардың көңілінен шықты.

– Кездесуді пайдаланып, Күләш Ноғатайқызынан маңызды қолдау мен кеңес алдым. Сонымен қатар, бұл іс-шара маған ерекше күш-қуат беріп, туған жерім,  Қазақстаным жайлы еске салды. Ұлттық  тағамдар, сыйлықтар, қазақша әңгімені тыңдап елімді қаншалықты сағынғанымды түсіндім. Мен осы қоғамның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Оқуымды аяқтағанша барлық пайдалы ақпаратты алып, оны өз еліме және жас ұрпаққа жеткізгім келеді, – деп бөлісті NIS түлегі.

 

Оқу мен жұмыстан бөлек Ангелина волейбол ойнап, молекулалық биологияны зерттеумен айналысады. Келесі жылы ол оқуын аяқтап, елге оралмақшы.

– Германиядағы кездесу желтоқсан-қаңтар айларында NIS түлектерінің туған жерінде басын қосқан бірінші «SAMGAU» форумының заңды жалғасы, – деді жиында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова:

– Зияткерлік мектептің әрбір оқушысы, мұғалімі, ата-анасы біздің түлектеріміздің Қазақстанды әлемге лайықты танытып, «Alumni NIS» қағидаларына айналған «отанды сүю», «әлемді өзгерту», «нағыз тұлға» болуды насихаттайтынын мақтан тұтады.

Бүгінде Германия университеттерінде Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үш түлегі оқиды. Жалпы шетелдік жоғары оқу орындарына мектеп оқушыларының шамамен 15%-ы түседі.