Мамыр мерекесі тойланды

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірілігі күнін мерекелеу шаралары басталып кетті.
Бейбітшілік пен келісімді бейнелейтін көпұлтты халқымыздың тамаша дәстүрлерінің жалғасы саналатын Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – еліміздегі мемлекеттік мейрамдардың бірі. Бұл мереке Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде елеусіз қалмай, бар сән-салтанатымен аталып өтілуде. Алғашқы шаралардың бірін мектептің жатақхананасында тұратын оқушылар ұйымдастырды. Балалар “Бір шаңырақтың астында” фестивалін ұйымдастырып, қазақ, өзбек, орыс, кәріс, түрік, татар халықтарының таныстырылымын ұйымдастырды. Мерекелік фестивальге облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қонаққа келіп, шараға ортақтасты. Меймандар мен мектеп оқушылары ұлттық тағамдармен көмкерілген кең дастархандарды айнала жайғасып, фестивальді тамашалады.
Шара барысында әр топ өздері таңдаған ұлт жайлы жан-жақты мәлімет беріп, киім үлгілерін, тағамдарын, салт-дәстүрлерін таныстырды. Сонымен қатар сол ұлттық биін билеп, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
-Біз бүгін өзбек халқының танысытылымын ұйымдастырдық. Ол үшін бірақ ізденіп, ақпарат жинадық. Костюмдер әзірледік, ұлттық тағамдарды бірлесіп дайындадық. Мерекеге қатысушыларға өзбек халқының шай құю, қонақты күту дәстүрінен берілген сәт ұнады деген ойдамыз, – деп бөлісті 7 сынып оқушысы Әсия Асилбек.
Шара соңында меймандар оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Ал оқушыларға көмек қолын созып, жәрдемдескен ата-аналарға мектеп директоры Данияр Уәлиев алғыс хаттарын табыс етті.
Балалар мерекеге жақсылап әзірленген екен. Тамаша фестивальге куә болдық. Бұл мейрамның маңыздылығы мен мәні соңғы уақытта арта түсті. Қазіргі дүрбелең заманға қарамастан, елімізде ұлтаралық келісім мен татулық беки береді деген ойдамыз, – деді шара қонағы Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Сағындық Салмұрзин.
Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлау мерекелік концертпен және бауырсақ тоймен жалғасатын болады.