«Ғалымдар» жаңа жобасы 

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Ғалымдар» жобасы іске қосылды. 

 

 «Ғалымдар» жобасының алғашқы қонағы – биолог, вирусолог, PhD докторы, Франциядағы молекулалық және жасушалық биология институтының қызметкері Әсел Мұсабекова. Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары онлайн байланыс арқылы ғылым туралы және ғылым әлеміндегі қызықты деректер жайлы тыңдау мүмкіндігін иеленді. Қазақстандық жас ғалым молекулалық және жасушалық биология, генетика, вирусология салаларында бай тәжірибеге ие. Ол Қазақстанның, Ұлыбритания мен Франция университеттерінде білім алған. 

«Мен мұғалімдеріме ризамын. Алғашқы ұстазым маған тек үздік мамандардан тәлім алуға кеңес беріп еді. Мен сол ұстазымның өсиетінің арқасында тәжірибелі қазақстандық ғалымдардан да, шетелдік әріптестерімнен де білім алдым. Ғылым саласында зерттеу нысаны емес, сол зерттеудің пайдасы маңызды болып келеді.  Мысалы, мен инверситтегі оқу тәжірибесі барысында саванналарда кездесетін жүнсіз екеуқұйрықты да, дрозофила шыбындарын да зерттеуге тура келді. Олардың генетика мен вирусология саласындағы ғалымдар үшін маңызы орасан. Мысалы, жүнсіз егеуқұйрықтар – қатерлі ісікке шалдықпайтын жалғыз тіршілік иелері болып есептеледі. Сонымен қатар оларда ауырсыну сезімі жоқ. Бұл бізге медицинаның жаңа бағытын дамытуға мүмкіндік береді. Дрозофиланың арқасында ғалымдар адам гендері туралы білді», – деп бөлісті Әсел Мұсабекова онлайн кездесу барысында.

Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының түлегі негізгі жұмысынан бөлек, қоғамдық-ағартушылық қызметпен айналысады. Оның мақсаты – елімізде ғылымды насихаттап, көпшілікке жеткізу. Сондықтан Әсел Мұсабекова көптеген зерттеулер туралы қарапайым және түсінікті тілде түсіндіреді, түрлі ғылыми мақалалар мен шығармаларды аударады. Вирустар тақырыбы әсіресе пандемия кезінде өзекті. Қазақстандық ғалым мектеп оқушыларын ғылыммен айналысуға, өздері үшін қызықты бағыттарды таңдап, үнемі ізденісте болуға шақырды. Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қазіргі ғылымның мүмкіндіктері, қазақстандық ғылымның болашағы жайлы сұрап білді. 

Жаңадан іске қосылған «Ғалымдар» жобасының мақсаты – Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің студенттерін ғылым әлемімен таныстыру. Қазақстанның атақты ғалымдар, сондай-ақ шетелде жұмыс істейтін отандық зерттеушілермен кездесулер айына бір рет онлайн форматта өтіп тұрмақ. Олар Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына алуан түрлі ғылымдар, инновациялар және ғылымдағы заманауи тенденциялар туралы қарапайым сөздермен айтып береді.