800 кітап сыйланды

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Кітап әлемді бағындырады” атты дәстүрлі кітап сыйлау шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара дүние жүзілік кітап және авторлық құқық күніне орайластырылды.
Сәуірдің 23-інде әлем елдерінде кітап және авторлық кұқық күні аталып өтеледі. Атаулы күнге орай Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде кітап сыйлау шарасы ұйымдастырылды. Оған мектеп оқушылары ғана емес, ұстаздар мен мектеп басшылығы, дәрігерлер, ІТ саласының қызметкерлері, техникалық жұмысшылар ат салысты. Балалар мен мектеп қызметкерлері бір-біріне классикалық әдебиет үлгілерін, ынталандыру және өзін-өзі жетілдіру бағытындағы заманауи туындыларды тарту етті.
Кітап – ең керемет сыйлық деп саналады. Оқушылардың арасында кітап оқуға деген қызығушылықты ояту мақсатында жыл сайын осындай іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Биыл кітап сыйлауға 600-ден астам оқушымыз ат салысты. Олармен қатар мектептің 200-ден астам қызметкері де, бір-біріне кітап тарту етті, – деп бөлісті мектептің кітапханашысы Акжан Байсбаева.
Аталған шара бір уақытта республика бойынша барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ұйымдастырылды. Балалар сыйға алған туындыларды бір айдың ішінде оқып бітіреміз деп тарқасты.
Өте қызықты кітапқа ие болдым. Менің сыйлығым да досыма ұнайды деген ойдамын. Бұл туынды менің сүйікті кітаптарыма арналған сөреден өз орнын алатынына сенімдімін, – дейді 9 сынып оқушысы Тамерлан Адиятов.
Оқушылардың кітап оқуға деген құлшыныстарының артатыны сөзсіз. Мен бұл шара туралы естігенде, бірден кітап дүкеніне барып, досыма сыйлайтын кітапты іздедім. Бұндай шараларды көптеп ұйымдастыру керек, – деген ойда 8 сынып оқушысы Бекасыл Игілік.