120 түлек қанат қақты

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде 25 мамыр күніне орайластырылған салтанатты шара өтті.
Биыл Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін алты сыныптың оқушылары тамамдап, үлкен өмірге аяқ басты. Бұл оқушылар осыдан 6 жыл бұрын мектепке конкурстық іріктеу негізінде қабылданып, ал бүгін алтын ұя мектептерімен қоштасуға келді. Биыл білім ошағын 12-ші сыныптардың жалпы саны 120 оқушысы бітіріп отыр. Олардың 18-і ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер.
Түлектеріміз үлкен өмірде өз орындарын табатынына сенім мол. Олар осы мектеп қабырғасындағы оқу барысында өздерін жан-жағынан танытып, білімдерін шыңдады, өмірге қажетті дағдыларын қалыптастырды. Түрлі байқау-додаларға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Биылғы түлектеріміздің арасында қазірдің өзінде шетелдік және қазақстандық белді жоғарғы оқу орындарының толық грант иелері баршылық, – деп атап өтті мектеп директоры Данияр Уәлиев.
Үлкен өмірге қадам басатын 12 сынып оқушыларын облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов те құттықтап, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары “Жаңа Қазақстанның” негізін құратын жастарға зор сенімін білдірді. Сонымен қатар, мәртебелі мейман оқушылар мен мектеп түлектеріне бірқатар марапаттарды табыстады. Биыл республикалық пәндік олимпиадада Аруай Күдерова бірінші орынды иеленсе, Нұрсат Керей үшінші орыннан көрінді. Республикалық ғылыми жобалар сайысында мектеп түлектері Аружан Мамбетова, Аида Тюгумбаева күміс медальді, Анель Ғаббас, Айгерім Кашенова қола алқаларды иеленді. Нұрай Қасым мен Амина Ибадулла да үшінші орыннан көрінді. Тағы “Imagine Cup Junior Virtual AI Hackathons, Girls Edition” халықаралық деңгейдегі сайысында Камила Беккожина, Айсана Басагаринова, Эдуарда Унру, Сабина Мусина, Амина Серік бірінші орыннан көрінді. Мектеп оқушылары Дидар Мусин, Владислав Просеков, Дәулет Айтбаев, Рамазан Исин «IT Stars-2022» 10-11 сынып оқушыларының арасындағы бағдарламалау фестивалінің жүлдегерлері атанды. Салтанатты шарада жыл қорытындысы бойынша орта және жоғары буындарда “Жыл оқушысы” атағын иеленген, “Үздік көшбасшы”, “Үздік шаңырақ” және “Үздік координатор” атанған оқушыларға да марапаттар табыстылды.