Көңілді старттар өтті

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Менің отбасым – чемпион” көңілді старттары ұйымдастырылды.
Шараға әр шаңырақтың оқушылары мен олардың ата-аналары қатысып, қызықты ойындарда өзара күш сынасты.
Сенбі күні мектепке жиналған ата-аналар қауымы күнделікті киімдерін спорт костюмдеріне алмастырып, балаларымен бірге, өз шаңырақтарының намысын қорғауға әзірленді. Шараға мектептегі бар 12 шаңырақ ат салысты. Екі жылға созылған үзілістен соң, мектептің спорт залында қызықты бәсекелер мен қызу тартыстар қайта жанданды. Әр шаңырақтан қатысқан спортшылар бес түрлі эстафетада барларын салып, өз араларындағы мықтыны анықтады. Оларға қолдау білдірген жанкүйерлер де аянып қалмады.
Тартысты бәсекенің жеңімпаздары екі сағаттан соң анықталды. “Евней Бөкетов” шаңырағы алдарына жан салмай, бірінші орынды қанжығаларына байлады. Екінші орын “Сәбит Мұқанов” шаңырағына бұйырды. Үздіктер үштігін “Жалын” шаңырағы тұйықтады. Сонымен қатар, “Ең мықты әке” және “Ең күшті оқушы” номинациясының иегерлері марапатталды. Бұндай шаралар оқушылар мен ата-аналарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, шаңырақтың ішіндегі достық қарым-қатынасты да нығайта түсетіні анық.