ИНЕССА – ЖЫЛ ВОЛОНТЕРІ

Бүгін республикалық «Birgemiz» еріктілер фронт-кеңсесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімдерінің және 17 өңірдің еріктілерінің онлайн қатысуымен «Волонтер жылының» ресми жабылу рәсімі өтті.

Президент Қазақстанның барлық өңірлеріндегі еріктілер қызметіне жоғары баға беріп, қоғамның дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Онлайн жиында «Жомарт жүрек» және «Жыл волонтері» халықаралық сыйақысының жеңімпаздары марапатталды. Олардың қатарында Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Инесса Анарбаева да бар. Студент «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

«Мен республикалық «Birgemiz» еріктілер фронт-кеңсесі ұйымдастырған халықаралық байқауына қатыстым. Сыйақы әлеуметтік маңызы бар қоғамдық мәселелері шешуге атсалысқан азаматтарға беріледі. Байқау үш кезеңнен тұрды. Жеңімпаздар қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Еріктілік қызмет – әр адам үшін адал, мейірімге толы міндет. Бұл біздің ортақ жеңісіміз! Қолдау білдіргендерге алғысым шексіз», – деді қуанышымен бөліскен Инесса.