Футзал алаңы қызу тартысқа толы болды

Петропавлда футзалдан ІІІ желілік спартакиаданың қорытынды кезеңінің алғашқы күні өтті. Алаңда барлық өңірлерден келген 16 құрама бақтарын сынап, алғашқы жеңімпаздар анықталды.
Күннің бірінші жартысында футзал алаңына қыздар командалары шықты. Құрамалар жұбы жеребенің негізінде анықталған болатын. Осылайша, бірінші болып, алаңға Орал және Көкшетау қалаларының құрамасы шықты. Кездесу барысында бірнеше тартысты сәттер болғанымен, есеп ашылмай, құрамалар 0:0-мен тарасты. Өскемен мектебінің және алаң иелері Петропавлдық команданың кездесуі де осындай нәтижемен аяқталды. Тек үшінші ойын барысында Шымкенттің қыздар құрамасы Ақтөбелік қақпаға 2 гол салып, алғашқы үш ұпайға қол жеткізді.
Ақтөбеге екінші голды мен салдым. Осындай алғашқы жетістігімізге қуаныштымын. Аймақтық кезеңде екінші орыннан көрінгенімізбен, ақтық сайыста жеңіске жетеміз деген үміттемін. Өйткені сабақтан соң қосымша уақыттың барлығын футбол ойнауға жұмсадық, – деп бөлісті шымкенттік оқушы Тоғжан Амангелдиева.
Күннің екінші жартысында ұлдар құрамалары жанкүйерлердің делебесін қоздырып, әдемі ойын көрсетті. Бұл күні барлық кездесулерде голдар соғылып, құрамалар қоржындарын біраз ұпайлармен толтырды. Алаң иелері – петропавлдық жас аяқ доп шеберлері бұл күні алғашқы кездесуін Тараздық құрамамен өткізді. Бұл ойында петропавлдық ұлдар көрермендерін қуантып, кездесуді 6:2 есебімен аяқтады.
Тараз қаласынан басым түсіп, алғашқы үш ұпайымызды алдық. Алда Ақтөбе және Алматы қалаларымен ойындар күтіп тұр. Қарсыластар мықты, тең дәрежеде өнер көрсетуде. Бұл жолы команданың әр мүшесі жарады, – деп қуанышымен бөлісті Досымжан Нұргазин.
Дегенмен, алаң иелері екінші кездесулерінде алматылық ұлдарға есе жіберіп, 5:9 есебімен ұтылып қалды. Осылайша алғашқы кездесуінде Ақтөбе мектебінің ұлдарынан басым түскен оңтүстік астананың құрамасы алғашқы күні екі жеңіске жетіп, жалпы есепте 6 ұпайды қоржындарына салды.
Спартакиаданың екінші күнінде қыздар арасында А тобында Орал мен Ақтөбе, Көкшетау мен Шымкент, Көкшетау мен Ақтөбе командалары кездеседі. В тобында жанкүйерлер көршілес Өскемен мен Семейдің, Петропавл мен Қызылорданың және Петропавл мен Семейдің ойындарын тамашалай алады.
Ал ұлдардың арасында А тобында Өскемен – Қостанай, Нұр-Сұлтан – Шымкент, Нұр-Сұлтан – Қостанай кездесулері жоспарланған. В тобында Алматы мен Тараз, Ақтөбе мен Петропавл және Ақтөбе мен Тараз ойын алаңына шығатын болады.
Командаларға сәттілік тілейміз!