БІЛІМ БЕРУДІҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Білім беру сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұл тақырып Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен дөңгелек үстел арқауына айналды.
Басқосуға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова мен СҚО әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанов қатысты.
Бүгінгі күні отандық білім беру саласының алдында үлкен міндет тұр. Әлемдік пандемия оның салмағын тіпті ауырлата түсті. Дөңгелек үстел барысында қашықтықтан оқыту, ауыл мектептерінің деңгейін көтеру сынды мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
Соңғы 10 жыл көлемінде Қазақстан бойынша 20 Назарбаев Зияткерлік мектебі іске қосылды. Дербес білім беру ұйымы 2 мыңнан астам мектеппен серіктестік байланыс орнатқан. Басты мақсат – аталған білім ордаларында Зияткерлік мектептердің тәжірибесін енгізу.
– Біз қоғамдық ұйымдармен, кәсіпкерлермен бірлесіп, «Ауыл мектебі» жобасын қолға алдық. Бірқатар өңірлерде жүзеге асырылуда. Мақсатымыз – ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру сапасының айырмашылығын азайту. Қазақстанда бірыңғай стандарт бар. Бірақ әр жерде қалыптасқан жағдайға байланысты сапа айырмашылығы бар. Пандемияға дейін біраз мектептерге барып, сабақтарға қатысып, білім беру басқармаларының басшыларына ұсыныс жасадық. Қазір тиісті жұмыс істеліп жатыр, – деді Күләш Ноғатайқызы.
СҚО әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанов Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне жоғары баға беріп, оны өзге білім беру ұйымдарына таратудың маңыздылығына тоқталып өтті.
– ЖаҺандану дәуірінде жаңа технологияның дамуы өмірімізге қарқынды өзгерістер әкелді. Білім сапасына қойылатын талаптар – өте жоғары. Назарбаев Зияткерлік мектептері әлемдік тәжірибені қолданысқа енгізген бірден-бір ұйым. Біз оны жалпы білім беретін мектептерде пайдалана білуіміз шарт, – деді Ғани Нығметұлы