АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараға келушілер білім ордасымен тереңірек танысты. Ұстаздар мен оқушылар қауымы 300-ден аса мейманды қабылдады.


Өнерпаз оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған шағын концерт мерекелік шараның көркін аша түсті. Студенттер Зияткерлік мектеп шәкірттерінің өнерден де кенде еместігін дәлелдеді. Одан кейін бірнеше топқа бөлінген қонақтар мектепте экскурсия жасады.


Меймандар НЗМ білім беру бағдарламасының ерекшеліктерімен толығырақ танысуға мүмкіндік алды. Бұл күні шығармашылық және ғылыми көрме, шеберлік сыныптары да өтті. Көпшілік конкурстық іріктеу ережелері жайында сұрап білді. Райхан Омарованың баласы Әлішер Ербұлан 9-шы сыныпта оқиды. Ол қызының да Зияткерлік мектепте білім алғанын қалайды.


«Менің тұңғышым Петропал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебініде оқиды. Ол алғаш рет осында келгенде үйге керемет эмоциямен оралды. Оған әдебиет қоры бай кітапхана, үлкен спорт залы қатты ұнаған. Ұлым қазір 9 сыныпта. Үйірмелерге барады, бірнеше шет тілін оқып жүр. Спортпен де белсенді түрде айналысады. Мұғалімдерін қатты жақсы көреді. Олар терең білім алып қана қоймай, жан-жақты дамыған тұлға болып шығатындығы қуантады. Енді кіші қызым да өз бағын сынап көрмек. Міндетті түрде құжат тапсырып, емтиханға қатысамыз», – дейді Райхан Омарова.


Әсіресе химия, физика кабинеттерінде жүргізілген тәжірибе жұмыстары жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін қызық болды. Ашық есік күніне қатысушылар өздері үшін көп пайдалы мағлұмат алғандығын атап өтті