Әминаның сурет көрмесі

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Әмина Есләмның жеке сурет көрмесі өтіп жатыр. 7 В сыныбының оқушысы соңғы 10 жұмысын «Ultraviolet» деген атаумен жұртшылық назарына ұсынды.
Өнер адамдарын көп жағдайда елемейміз, бірақ олар әр жерде өз іздерін қалдырады. Мәселен, көшелердегі плакаттарды, өсімдіктермен үйлесетін түрлі-түсті дивандар және декоры бар сөрелерді суретшілер жасайды. Ал суреттер ілінген қабырғаларда адамдар музыка жазады. Мен осы әлемнің бір бөлігімін! – дейді картиналардың авторы Әмина Есләм.
Әмина осыдан екі жыл бұрын еңбек сабағында сурет сала бастаған екен. Бара-бара оның бұл іске деген қызығушылығы артып, ол күн сайын сурет салатын болған.
Мен әдетте қарындаш пен гуашь қолданамын. Бірақ бір техникада тоқтағым келмейді, сондықтан үнемі ізденісте жүремін. Мен дижитал суретті де байқап көрдім, бірақ дәстүрлі қарындаш техникасы жаныма жақынырақ. Қазір гуашь бояуымен жасалатын жұмыстарым көп, – деп бөлісті жас суретші.