Денсаулық фестивалі

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Денсаулық фестивалі өтті
Көңілді әрі тартысты шараға Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің барлық 11 шаңырағының жүздеген оқушысы жиналды. Дәстүрлі Денсаулық фестивалі – көңіл көтеріп, спорттық шеберлікті паш ететін керемет мүмкіндік. Шараның ашылу салтанатында мектеп директоры Данияр Уәлиев оқушыларға қызықты жарыстарда сәттілік тіледі. Балаларға мектеп мұғалімдері мен олардың кураторлары да қолдау білдірумен болды.
Кеш бойы 7-12 сынып оқушылары арқан тарту, командалық ұзындыққа секіру, эстафеталық жүгіру, футбол добымен жонглерлік жасау, дәлдеп қақпаға доп соғу және допты баскетбол себетіне лақтыру бойынша жарыстарға қатысты.
Балалар әр сайыста жақсы дайындық пен жеңіске деген ынта-жігерін көрсетті. Бірақ ең бастысы – денсаулық фестивалі оқушылар мен шаңырақтардың арасындағы салауатты бәсекелестіктің, ұйымшылдық пен достық қарым-қатынастың орнауына септесті.
Әсіресе көңілді жарыстарға алғаш рет қатысқан 7-сынып оқушыларына іс-шара ерекше ұнады.
Жарыс жеңімпаздары дүйсенбіде өтетін салтанатты жиында ресми түрде жарияланып, үздік шаңырақтар марапатталмақ.