100 бала домбыра тартты

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобына қатысты. Бір уақытта 50 оқушы халық күйлері «Жастар биі», «Нәр ағашын» нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар, балалар Абдулхамит Райымбергеновтың «Секіртпе», Қаршыға Ахмедияровтың «Қосбасар», Батырлан Әбеновтың «Желдірме» күйлерін ұсынды.
– Тұңғыш Президент күніне орайластырылған домбырашылар флешмобы бүгінде жақсы дәстүрге айналды. Жыл сайын оқушылар осы шараға бір адамдай ат салысып, ұлттық өнерімізді ұлықтап, Елбасына құрметтерін көрсетеді. Биыл шектеу шараларына байланысты шара онлайн ұйымдастырылып, оны баршасының YouTube желісі арқылы тамашалауына мүмкіндік жасадық, – деп атап өтті Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев.
Шараға 7, 8,9, және 10-сынып оқушылары ат салысты. Барлығы екі топта 100 бала қолына домбыра алып, күй шертті. Мерекелік флешмобқа Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары бір ай көлемінде сабақтан тыс уақытта дайындалды.