Республика күні: NIS Семейдегі іс-шаралар

24 қазан 2024 16:32

25 қазан — Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен егемендігінің маңызын бейнелейтін ерекше мереке. Ұлттық мерекеге орай, NIS Семей ордасында 24 қазан күні "Жаса, жайна қазағым елім менің" тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаты өтті.

Педагог-ұйымдастырушы-кураторлар мен ұстаздар бірлесе отырып, оқушыларға еліміздің тарихы мен тәуелсіздігінің маңызын түсіндіру мақсатында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырды. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай викториналар мен шығармашылық тапсырмалар, еліміздің егемендігі жолындағы күрес пен жетістіктері туралы бейнемазмұндар көрсетіліп, рухты әндер шырқалды.

Сондай-ақ, Avenue сауда орталығында мектебіміздің домбырашылары мен бишелері «Ұлы дала мұрагері» атты Назарбаев Зияткерлік мектептерінің флешмобына қатысты. Домбыраның әсем әуенімен ұлттық рухты сезінген көрермендер нағыз өнердің куәгері болды.

Республика күні — әрбір қазақстандықтың жүрегінде тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын күн. Бұл мереке — болашақ ұрпаққа елінің тарихы мен мәдени мұрасын қастерлеуді, елді сүюді, ұлттық бірлікті нығайтатын маңызды күн.