Құжат қабылдау аяқталды

Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің қабылдау комиссиясы жұмысын аяқтады. NIS желісінде білім алғысы келетін оқушылар алда іріктеу емтихандарын тапсырады.
Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алғысы келетін оқушылардың құжаттарын қабылдау 2022 жылғы желтоқсанның 1 мен 2023 жылғы қаңтардың 10 аралығында жүргізілген болатын. Осы уақыт ішінде 7 сыныптан бастап оқуын осы білім ошағында жалғастырғысы келетін еліміздің әр оқушысы мектепке келіп, өтініш білдіре алды.

—Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының алдында ашылатын мүмкіндіктер зор. Тек оларда білімге деген ұмтылыс болуы керек. Біздің мектепте жоғары кәсіби білікті мамандар, заман талабына сай оқулықтар мен құрал-жабдықтар, кабинеттер мен спорт залдары бар. Құжат тапсырған оқушылардың ішінде жоғары нәтиже көрсеткендері осындай мүмкіндіктерге қол жеткізеді — деп атап өтті Данияр Уәлиев.

Петропавл қаласының зияткерлік мектебінде білім алғысы келетіндердің қатарында аудандық оқушылар да, еліміздің өзге қалаларының балалары да баршылық. Әсіресе соңғы екі күнде құжат тапсырушылардың қатары қалың болды. Ендігі кезекте оқушыларға білімдерін пысықтап, алдағы іріктеу емтихандарына дайындалу қажет. Іріктеу сынағы үстіміздегі жылғы наурыздың 2 және 3 наурыз күндері өтеді. Үміткерлер жаратылыстану-математикалық батыттағы пәндерді игеру қабілетін бағалау тестін және тілдік тест тапсырады.