«Жүрек жылуы» ⠀

Петропавлдағы NIS мұғалімі Дина Құдабаева ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинет ашты⠀
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Дина Құдабаева «DIGITAL URPAQ» оқушылар сарайында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жүрек жылуы» кабинетін ашты.
Дамыту орталығы Даун синдромы, сөйлеу қабілетінің тежелуі, тірек-қимыл аппараттары қызметінің бұзылуы диагноздарына шалдыққан балаларға арналған. ⠀
– Біз педагогымыздың ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинет ашу бастамасын қолдадық, – дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Дина Құдабаеваның бастамасын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұжымы қолдап, қажетті жабдықтарды сатып алу мақсатында «Жүрек жылуына» қаражат жинады. Жаһандық сыйлық амбассадорының бастамасына «Bilim Media Group» демеушілік жасады. ⠀
Дина Айтжанқызы БМЦ диагнозы бар балаларға «Астрономия» пәні бойынша тегін сабақ береді. Сонымен қатар, кабинетте балалармен педагог-психологтар жұмыс істейді. Бұл орталық әлемдегі Даун синдромына шалдығушылар арасында алғаш болып ЖОО тәмамдап, колледжде сабақ беретін испандық Pablo Peneda-мен әріптестік байланыста болмақ.⠀
Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың қараша айында Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің модератор мұғалімі Дина Құдабаева «Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының лауреаты және Жаһандық сыйлықтың Қазақстандағы амбассадоры атанған болатын. Ұлттық сыйлықтың басты қағидатын, яғни қоғамға қызмет ету идеясын жүзеге асыру мақсатында педагог Петропавл қаласындағы «DIGITAL URPAQ» оқушылар сарайында балаларға арналған демалыс кабинетін ашу бастамасын қолға алғанын тілге тиек етті:
– Өкінішке қарай Петропавлда ерекше қажеттілігі бар балаларды дамытуға арналған орталықтар жоқ. Тек ақылы түрде жұмыс істейтін психологтар ғана бар. Сондықтан осындай бастама көтеріп, әлеуметтік мәселенің шешілуіне өз үлесімді қосуды жөн санадым.⠀
Мұндай кабинеттің ашылуы өте маңызды, ата-аналарға арналған оқу сессиялары, психологтың кеңесі, Stellarium демонстрациясы, ғылыми жаңалықтар жайлы танымдық фильмдер көрсетілетін болады.⠀
Дина Айтжанқызы бірнеше жылдан бері Петропавлдағы «Балалар ауылында» ерікті ретінде қызмет атқарып жүр. Ол әрбір бала тұратын жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, денсаулығына қарамастан өз жұлдызын жаға алатынына кәміл сенеді.