Юный поэт

Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының өлеңі NIS желісінде үздік деп танылды. 

 

Назарбаев зияткерлік мектептерінің желісінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған бірқатар шаралар легі өтті. Солардың арасында “Замандастар жырлары” жобасы аясында ұйымдастырылған “Тәуелсіздік қыранның қанатында…” атты желілік жас ақындардың шығармашылық байқауы да бар. Бұл сөз өнерінің бәйгесіне Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Ләйлім Боранбай да ат салысып, өзінің “Тарихы терең тәуелсіздік” атты өлеңін жолдады. Солтүстікқазақстандық оқушының бұл туындысы өзге мектеп оқушылары жіберген жұмыстардың арасында 2- орынға лайық деп танылды. 

Ал “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл” тақырыбында өткізілген мәнерлеп оқу байқауында Ләйлім осы шығармасын ұсынып, 1-орыннан көрінді. 

 

 

-Мен бұл туындымды бір апта көлемінде жазып шықтым. Шумақтар еліміздің тарих толқынындағы тербелістеріне, қиындықтарына арналды. Өлеңімді өңдеуде ұстазым көмек көрсетті.  Бұл менің алғашқы қаламалды туындым деп айтуға болады. Өлең шығаруға енді ғана ден қоя бастадым. Еңбегімнің бірден назарға іліккеніне қуанышытмын, – деп бөлісті Ләйлім Боранбай. 

 

8-сынып оқушысы осыдан бірнеше жыл бұрын Мағжан оқуларына да ат салысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Бүгінде ол ақындық шеберлігін шыңдау үшін мектептегі “Mood поэзия” үйірмесіне қатысады. Ләйлім алдағы уақытта өзге тақырыптарға да қалам тербеп көрмекші.