XII Nauryz Meetings

Астанада NIS-тің «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері өтіп жатыр. Онда өз жобаларын Петропавлдағы NIS-тің оқушылары да ұсынды.
2023 жылғы 15 наурызда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері басталды.
Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүрі. Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарға арналады.

Астанада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық Зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев NIS-тің Наурыз кездесулерін үлкен ғылымға жасалған алғашқы қадам деп атады.
– Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың бастамасымен жүзеге асқан Наурыз кездесулерінің тарихи маңызы зор, себебі елімізде жас ғалымдардың бірегей алаңы пайда болды. Бірнеше жылдан кейін біз әлемдік жаңалықтар авторлары мен Нобель сыйлығының лауреаттарының арасынан бүгінгі қатысушылардың есімдерін еститінімізге сенімдімін, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
– Наурыз мерекесіндегі кездесулердің басты міндеті – мектеп оқушыларының ғылымға деген қызығушылығын оятып, оларды негізгі әлемдік трендтермен таныстыру, – дейді белгілі мемлекет қайраткері, «Қазақстанның құрметті мұғалімі» төсбелгісінің иегері Күләш Шәмшидинова.

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Кездесулердің басты тақырыбына айналған биомедицина мен денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект пен машиналық ойлауды енгізудің өзектілігін және жас өнертапқыштардың жаһандық ғылымның сұранысқа ие бағыттары бойынша жұмыс істеуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
Наурыз кездесулеріне Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да мықтап әзірленді. Теріскейлік конструкторлар шараға 4 жобасын ұсынды. Олардың арасында геннің вариативтілігін зерттеу, Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастарға арналған ақылды дәрі қобдишасы, зағип жандарға арналған жүйе және жасөспірімдердің гиподинамикасы мәселесін шешуге бағытталған сайт бар.
Аталған шараға Кішкенекөлдегі тірек мектебінің оқушылары да ат салысты.