Түлектер үлкен өмірге қанат қақты

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде түлектерге жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру салтанаты өтті. Биыл білім ордасын 120 бала тамамдап отыр.
Түлектерге жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру салтанаты – мектеп тарихында және түлектердің есінде мәңгі өшпей сақталатын шаралардың бірі. Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған шара күллі мектеп ұжымының және мектеп бітіруші түлектердің, олардың ата-аналарының басын қосты. Биыл зияткерлік мектепті 120 оқушы аяқтап отыр. Олар 2016 жылы білім ордасына арнайы тестілеудің нәтижесінде қабылданып, осы мектептің қабырғасында 6 жыл бойы білім мен ғылымның, тәрбиенің нәрін сусындаған болатын. Үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жастарды мектеп директоры Данияр Уәлиев құттықтап, сәт-сапар тіледі.
Осыдан бір апта бұрын сыртқы бағалау емтиханының нәтижесін алдық. Балалардың көрсеткен білімдері жақсы. 50 оқушымыз А* бағасын алып, қуантты. Бұл – оқушылардың тынымсыз еңбегінің және ұстаздар берген сапалы білімінің нәтижесі. Әрқашан да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, биік армандарға самғаңыздар, – деді Данияр Уәлиев.
Бүгінгі мектеп бітірушілерді осыдан алты жыл бұрын балғын жеткіншек кезінде сол кездегі мектеп директоры ретінде қарсы алған Нұрғали Елшібеков те салтанатты шараға арнайы келіп, балаларды өмірдің жаңа белесімен құттықтады.
Биылғы 120 түлектің арасында 17 оқушы туған білім ордасын ерекше үлгідегі аттестатпен аяқтап отыр. Солардың бірі – Әділ Амангелді. Халықаралық Кембридж білім беру кеңесінің емтиханы бойынша түлек химия, физика пәндерінен А* бағасын иеленді. Мектеп жылдарында студенттердің өзін -өзі басқару Парламетіне зор үлесін қосып, дебат ойындарына ат салысқан Әділ бірқатар облыстық және республикалық дебат турнирлерінің жеңімпазы атанса, биыл Гонконг политехникалық университетінің құрылыс инженериясы бағдарламасы бойынша 100% грант ұтып алды.
Туған мектебіме ризамын. Ең алдымен, берген тәртибиесі үшін алғысым шексіз. Осында алған терең білім өмірімде қажет болады. Келесі ризашылығым мүғалімдерге арналады. Көпшілігімен шын дос, сырлас болып кеттік. Төртіншіден, осы мектепте өмірлік жолдастарымды, сыныптастарымды кездестірдім. Бұл білім ошағында дебат үйірмесін дамытып, ізбасарларымды тәрбиелеп, өз ізімді де қалдырдым, – деп бөлісті Әділ Амангелді.
Ал 2021-2022 оқу жылының «Үздік түлек» номинациясы Тамерлан Мейрамға берілді. Облыстық, республикалық және халықаралық дебат сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, “Ең үздік спикер” атағының иегері Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетітінің толық оқу грантын иеленген болатын. Сонымен қатар, ерекше үлгідегі аттестатқа ие болған 17 түлектің есімі білім ошағының «Құрмет кітабына» енгізілді. Салтанатты шара барысында мектеп өміріне белсенді ат салысқан түлектердің ата-аналары да қошеметке бөленді.
Бүгінгі түлектер – еліміздің абыройын асыратын ертеңгі ел сенімі. Сондықтан, салтанат барысында айтылған тiлек, орындалған ән, ыстық құрмет, дуылдата соғылған шапалақтар барлығы түлектерге арналды. Бұдан соң оқушылар соңғы рет кураторлық сағатқа қатысып, шаңырақтарындағы ең ыстық сәттерді еске алып, ұстаздарының жылы лебіздерін тыңдап тарқасты.