“Туған елге тағзым” шарасы бастау алды

Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары дәстүрлі “Туған елге тағзым шарасына” өлкетану экспедициясына аттанды. 5 күн бойы балғындар өңірдің түрлі аудандарын аралып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Биыл туған өңірдің тау мен тасын аралап, тарихымен танысу мүмкіндігі “Ұрпақ” шаңырағына бұйырып отыр. Бұл шаңыраққа кіретін 7 Е және 10 А сынып оқушылары оқу жылының өне бойында мектепішілік шараларға белсенді қатысып, оқу мен тәртіпте үлгі көрсетіп, үздік атанған еді. “Туған елге таңзым” шарасының ашылу салтанатында оқушыларға шараның маңыздылығы жайлы айтылды.
– Осымен екінші жыл қатарынан оқушыларымыз облыс аумағында экспедицияға шығып, туған өлкемізбен жақынырақ танысу мүмкіндігін иеленіп отыр. Бұл жақсы бастама деген ойдамыз. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұйымдастыруымен 2012 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан дәстүрлі жобаның мақсаты туған жердің тарихы, өлкенің өткені мен бүгінгі келбетіне зерттеу жүргізіп, оқушының танымдық көзқарасын дамыту болып табылады, – деді мектеп директорының орынбасары Сәулет Мұқанова.
“Туған елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясының аясында балалар “Alageum electric” Петропавл қаласының электр-техникалық құралдарының зауыты, “Молсервис” кәсіпорны, “Зенченко и К” КС-мен танысып, Жамбыл, М.Жұмабаев және Айыртау аудандарына сапарға аттанады. Бұл аудандарда оқушылар өлкеміздің тамаша табиғатымен және өңіріміздің ардақты ұлдары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқановтың өмірімен және шығармашылығымен жақынырақ таныса алады.