“Туған елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясы жалғасып жатыр

“Туған елге тағзым” шарасының аясында Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жамбыл ауданына саяхаттап барды.
Бұл өлкенің топырағынан қазақтың талай дүлдүл ұлдары түлеп ұшты. Мектеп оқушылары солардың бірі – батыр бабамыз Қожаберген жырауға орнатылған ескерткіш басында болып, оның музейін аралады. Дауылпаз бабаның мұражайы Преснов орта мектебінде 2010 жылы ашылған болатын. Мұнда Тәуке ханның бас кеңесшісі әрі бас қолбасшысы болған жерлесіміз жайлы мол мағлұмат жинақталған. Ол өмірінің 60 жылдан астам уақытын ат үстінде, жаумен арпалыста, елінің амандығы үшін күресте өткізген. “Ұрпақ” шаңырағының оқушылары мен мектептің өзін-өзі басқару ұйымының өкілдері сонымен қатар өлкенің тарихымен, қазақ халқының тұрмыс-салтымен таныса алды.
Айту керек, “Туған елге тағзым” шарасының аясында мектеп оқушылары өлкеміздің бай тарыхымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен кеңінен таныса алады. Алда балалар Мағжан Жұмабаев және Айыртау аудандарына жол тартады. Сонымен қатар, облыстағы бірегей оқу орны – Қозыбаев Университетін аралап, жергілікті жоғарғы оқу орнының мүмкіндіктерін байқайды.