“Туған елге тағзым” экспедициясы табиғат аясындағы серуенмен аяқталды

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Туған елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясы мәресіне жетті. Шараның соңғы күнін оқушылар туған өлкенің табиғи жерлерін аралауға арнады.

Аққайыңдар өлкесі атанған Солтүстік Қазақстан өңірі – өзінің ормандарымен ғана емес, өзге де табиғи ерекшеліктерімен әйгілі мекен. Облыс аумағында 3 жарым мыңнан астам көл баршылық. Солардың арасында өңір тұрғындары мен меймандарға жақсы таныстарының бірі – Айыртау ауданындағы Имантау көлі. Табиғи су көзі “Көкшетау” табиғи паркінің құрамына кіреді. Суы мөлдір, жағасы тасты көл соңғы жылдары нағыз туристік демалыс орнына айналған. “Туған елге тағзым” шарасының аясында оқушылар осы әсем мекенге аттанып, өлкетану-зерттеу экспедициясын аяқтады.
Табиғат аясында үстіміздегі оқу жылының қорытындысы бойынша үздік деп танылған “Ұрпақ” шаңырағына кіретін 7Е және 10 А сыныптарының оқушылары және оқушылардың өзін-өзі басқару парламентінің өкілдері алдымен көлдің жағасын аралап, жағасындағы Имантау тауына көтерілді. Көлді жағалай қарағай ағаштары көмкерген. Сонымен қатар көлдің жағалауында мыңдаған жылдар бойы жаңбыр мен жел қашап шығарған ерекше тастар мен шатқалдар кездеседі. Балалар көлдің жағасында доп ойнап, көңілді демалыс ұйымдастырды. Сонымен қатар ашық аспан астында тағам әзірлеп, өздерінің аспаздық мүкіндіктерін паш етті. Ұзақ сапарға қарамастан, оқушылар табиғат аясында уақыттарын көңілді әрі пайдалы өткізіп, жазғы демалыстарын жалғастыруға аттанды.