Тәуелсіздікке арналған мерекелік шара

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына және Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекеге орай, Назарбаев зияткерлік мектебінде үздік оқушылар мен ұстаздар өз марапаттарын иеленді. Мектеп директоры Данияр Уәлиев білім ошағының 4 қызметкеріне “Назарбаев зияткерлік мектептері” ДББҰ Басқарма төрайымының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырып жолдаған алғыс хаттарын табыс етті. Жас ұрпаққа білім және тәрбие берудегі адал еңбегі үшін ерекше сый-құрметке химия пәнінің мұғалімі Айман Игенова, ағылшын тілі және ҒБЖЖ пәндерінің мұғалімі Владимир Рахмаил, математика пәнінің мұғалімі Сәуле Капенова және физика пәнінің мұғалімі Қанифа Елеусізова бөленді.
.
Сонымен қатар мектептің тағы 54 қызметкері мектеп директорының алғыс хатын иеленді. Осы салтанатты жиын барысында тәуелсіздіктің мерейтойына орай ұйымдастырылған бірқатар байқаулардың, атап айтқанда «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбындағы қабырғаны безендіру шарасының жеңімпаздары жарияланып, дипломдармен марапатталды. 9-сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылған “Ел тарихын зерделейік” зияткерлік ойынының, “Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы” қалалық дебат турнирінің де қорытындылары шығарылдды. Қозыбаев университетіндегі хакатонға ат салысқан мектеп оқушылары мен ұлттық дебат турниріне қатысып “Ең үздік спикер” атанған Тамирлан Мейрамға да осы жиында құрмет көрсетілді. Мектеп директоры оқушылар мен ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерден көруге тілектестік білдірді.
– Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жұректен құттықтаймын. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздіктің бүгінгі ұрпаққа бұйырғаны зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды болсын! Жаңа ғасырда жаңарып, жасарып, қайта түлеп, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай! – деді Данияр Уәлиев.
Мерекелік концерт барысында оқушылар би мен ән-жырдан шашу шашып, көрермендерге ұлттық ерекшеліктерімізді паш етті. Ал 8-сынып оқушысы, мектептің жас ақыны Ләйлім Боранбай өзінің “Тарихы терең тәуелсіздік” атты он үш шумақ өлеңін оқып, қазақ халқының бастан кешкен сан түрлі қиындықтарын тізіп өтті. Қиямен-қайымға қарамастан, ежелден аңсаған еркіндікке ақыры қолымыз жетіп, биыл тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп келетінімізге 30 жыл. Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы алдағы уақытта да тәуелсіз мемлекетімізді алға жетіліп, ел игілігі үшін қызмет ете бермек.