«Тәуелсіздік белестері» постерлері

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік белестері» атты постер-сессия байқауы өтті.

    Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. Биыл Қазақстанның  тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп келетініне 30 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Тәуелсіздік белестері»  атты шығармашылық бағыттағы постер-сессия байқауы ұйымдастырылды. Оған облыс орталығындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары да ат салыса алды. Барлығы іс шараға Петропавлдағы 8 білім ошағының оқушылары жасаған 15 постер ұсынылды. Балалар байқау талаптарына сай қазылар алқасына «Халықаралық аренадағы Қазақстанның имиджі», «Қазақстанның экономикалық даму бағыттары», «Елімнің бүгіні, ертеңі, болашағы», «Тәуелсіздік менің тағдырымда» және «Мәдени мұра – асыл қазына»  бағыттары бойынша дайындаған постерлерін ұсынып, оларды қорғады. 
Аталған шараға қалалық мектеп оқушыларын да шақырған дұрыс деп санадық. Балалар өздерінің танымдық-зияткерлік қабілеттерін көрсетіп, байқауға орай дайындаған жұмыстарын қорғап шықты. Әр оқушының постері өзекті, маңызды тақырыптарды қамтиды. Еліміздің жетістіктерін әр бала өзінше көрсете алған. Олардың еліміздің жетістіктерін бір ғана постердің ішіне сиғыза алуының өзі шеберлік, – дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарихы пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Тілеген.  

Ж.Тәшенов атындағы 20-орта мектептің намысын байқауда екі оқушы қорғады. Бір постер еліміздің әлемдік сахнадағы имиджі тақырыбына арналса, екіншісінде мәдениет ескерткіштері жайлы мәлімет беріліпті.

– Өз постерімді “Мәдени мұра – асыл қазына” бағыты бойынша дайындадым. Онда облыста орналасқан оннан аса ескерткішке тоқталдым. Барлығын дайындауға 3 күндей уақыт кетті. Суретін салдым, жалпы ақпарат бердім. Бұндай шаралардың, тәжірибе алмасудың ұйымдастырылғанына ризамын,- деп бөлісті, Ж.Тәшенов атындағы 20-орта мектептің 11-сынып оқушысы Дамира Қоскен.

Постер-сессияның қорытындысы бойынша 1-орынға «БІЛІМ-Инновация» лицей-интернатының оқушылары өзірлеген постер лайық деп танылды. «Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп» пен Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептен ұсынылған постерлер екінші орыннан көрінді. Үшінші орын Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев мектебінің, М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицей мен С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушыларына берілді.