Ұстаздардың көрмесі қанат жайды

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздардың қылқаламынан туған картиналардың көрмесі ұйымдастырылды. Мұғалімдер көрермен назарына 20-дан астам жұмысын ұсынды.
Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздар үшін бейнелеу өнерінен шеберлік сабақтары былтыр қараша айында басталған болатын. Бұндай жұмыстан тыс шаралар мұғалімдерді шығармашылық тұрғыда шыңдап, олардың жеке қабілеттерін дамытуға септеседі. Бастаманың авторы – өнер пәнінің мұғалімі Әлия Молдахметова. Ұстаздың идеясы мектеп әкімшілігі тарапынан қолдауға ие болып, осы жылы 40-тан астам педагог бейнелеу өнерінен тәлім алды.
– Шеберлік сабақтарына қатысуға ниет білдірген ұстаздар бір-екі ай көлемінде сабақтарға қатысты. Бір топта 5-6 мұғалім тәлім алып, толық бір картинаны салып шықты. Олар өздері таңдаған тақырып бойынша жұмыс істеді, – дейді өнер пәнінің мұғалімі Әлия Молдахметова.
Білім мен өнер атты екі кеменің ұшын қатар ұстай білген білікті ұстаздардың көркем туындылары көпшіліктің көңілінен шықты. Сурет салу сабақтарында тәлім алған жандардың бірі – директордың орынбасары Сәулет Мұқанова. Бір ай көлемінде ол теңіз жағасындағы демалысына арнаған пейзажын майлы бояумен орындап шықты.
– Бұл менің аң алғашқы тырнақалды жұмысым. Бұған дейін мүлдем қолыма суретші ретінде қылқалам алып көрмеген едім. Бірақ білікті жетекшінің көмегімен өз туындымды жазып шықтым, – деп бөлісті Сәулет Мұқанова.
Шеберлік сабақтарынан шабыт алған мұғалімдер бүгінде жұмыстан тыс уақытта сурет салуды ермек еткен. Ал мектептегі жоба келесі жылы да жалғасын таппақ.