Өсімдік шаруашылығында аэропондық әдісті қолдану

Петропавл қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жобасы республикалық «Туған елге тағзым» байқауында екінші орынды иеленді. Балалар өсімдіктерді өсірудің баламалы – аэропоникалық әдісін ұсынған. 

 

 

Республикалық «Туған елге тағзым» бірегей байқауы аясында Петропавл қаласындағы химия -биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өз жұмыстарын «Өндірістік инновациянің кепілі – зияткерлік әлеует», «Біздің күшіміз бірлікте!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Ұлы Дала өркениеті», «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Жасыл планета» бағыттарына сәйкес ұсынды. Солтүстікқазақстандықтардың соңғы бағыт бойынша дайындаған «Өсімдіктерді аэропоникалық қондырғының  көмегімен өсіру» жобасы екінші орынға ие болды.

8-сынып оқушылары Артем Кузнецов пен Жанболат Атығаев тәжірибе барысында микрожелекті аэропоникалық қондырғыда өсіріп көрген. Тәжірибе сәтті өтіп, мектеп оқушылары өсімдіктерді өсіруде аэропоникалық әдістің дәстүрлі топырақта өсіру әдісіне қарағанда тиімді екенін айнықтаған. 


«Біздің жоба Назарбаев Зияткерлік мектептерінің желісі бойынша ұсынылған 42 жұмыстың арасында 2-орынды иеленді. Бұл біз үшін жоғары нәтиже. Артем екеуміз 2 ай бойы зерттеу жұмысын жүргізіп, ауа жағдайында микрожелек өсірдік. Нәтижесі ойдағыдай болды. Бұл тек бастамасы ғана, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда осы бағыттағы зерттеулерді жалғастырамыз», – дейді Жанболат Атығаев.

Бұл әдісте топырақ мүлдем қолданылмайды. Өсімдіктердің тамыры барлық пайдалы және қоректік заттарды «тұман» түрінде шашылған қоректік заттары бар аэрозольден алады. Тәжірибенің қорытындысы бойынша аэропондық әдіспен өсірілген бес түрлі өсімдік топырақта өскендеріне қарағанда  3,7 см-ге жоғарырақ болған. Болашақта жас ғалымдар инновациялық әдіспен өсірілген көкеністердің химиялық құрамын зерттеуді, сондай-ақ осы әдіспен құлпынай мен қарбыз өсіруді жоспарлап отыр. Олар бұл технологияны өнеркәсіптік мақсатта да қолдануға болатынына сенімді. Инновациялық технология бақша дақылдарын жаз уақытында алқаптарда немесе саяжайларда ғана емес, жыл бойы арнайы үй-жайларда өсіруге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, солтүстік өңірлердің шаруашылықтары үшін тиімді болмақ. 


Еске салсақ, «Туған елге тағзым» патриоттық жобасы 2012 жылдан бері жүзеге асып келеді . Ол оқушылардың өлкетануға деген қызығушылығын қалыптастыруға арналып, студенттерді еліміздің түрлі аймақтарымен таныстырады. Балалар өлкетану саяхаттарына қатысып, Қазақстанның түрлі аймақтарында зерттеу жүргізеді.Сонымен,қатар Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбиеленушілері республиканың дамуына септесетін бірқатар ғылыми жұмыстармен де айналысады.