NIS қызметкерлерінің желілік спартакиадасы

Желілік спартакиаданың алғашқы күнінде волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисінен ойындар өтті.
Спартакиаданы волейбол құрамалары ашып берді. Меймандардың ішінде алыстан ат терлетіп келгендері – Орал қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 16 ойыншысы. Десе де пойыздан түсе сала, батыстық меймандар бірден қарсыластарын жеңуге кірісті.
– Мектептер арасындағы спартакиадалардың бірін де қалдырмауға тырысамыз. Бір ай бұрын арнайы шақырту алған соң дайындықты бастадық. Бірінші ойынды Петропавлдың құрамасымен өткізіп, оларды 2:1 есебімен ұттық. Топтан шығып, жеңіске жету ойда бар. Өйткені күллі батыс өңірінің намысын арқалап келіп отырмыз. Дегенмен барлық әріптестерімізге дос ретінде қараймыз. Алда әдемі ойындар болсын, өйткені басты мақсат – достығымызды бекіту, – деп бөлісті Орал қаласының физика-математика бағытындағы NIS-тің химия пәнінің мұғалімі Алтынбек Жанахметов.
Волейбол құрамалары А және В тобында өнер көрсетіп, араларындағы ең мықтылары, іріктеуден соң жартылай финалда кездесті. Осылайша А тобында Нұр-Сұлтан халықаралық мектебінің және Көкшетау физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің, ал В тобында Петропавл мен Тараз қалаларының зияткерлік мектептерінің құрамалары суырылып алға шықты. Ақтық ойындарда алаң иелері мен тараздықтар үшінші орын үшін таласқа түсіп, алаң иелері қонақтарға есе жіберіп алды. Ал бірінші орынға елордалық мектеп жайғасып, Көкшетау қаласының командасы, екінші орынан көрінді.
– Жарысқа жақсы дайындықпен келдік. Командалардың арасында Көкшетау мықты болды. Іріктеуде де, ақтық сында да Көкшетаумен тартысты ойын өтті. Бірінші орынды иеленіп отырмыз. Бұл колманданың ауыз біршілігінің арқасы деп ойлаймын, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық мектебінің ойыншысы Мырзағали Алишев.
Спартакиаданың алғашқы күнінде командалар шахмат, тоғызқұмалақ, теннис сияқты үстел ойындарынан да шеберліктерін байқады. Әр құрама бұл ойындарға бір әйел және бір ер ойыншысын қосты. Бұл спорт түрінен өткен сайыста Петропавл қаласының ойыншылары Данияр Уәлиев пен Сандыгүл Ташетова алдарына жан салмай, чемпион атанды.
Спартакиадаға арнайы шақыру алған облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бұл спаорт түрлерінен өз мүмкіндіктерін байқады. Дегенмен түрлі өңірлерден келген ұстаздар журналистердің жүлдеге ілігулеріне мүмкіндік бермеді.
Қарымды қалам иелері спартакиаданың екінші күнінде ұйымдастырылған шағын футбол жарысына да қатысты. Бұл ойында қатаң іріктеуден соң, ақтық кезеңге Орал, Қарағанды, Көкшетау және Нұр-Сұлтан қалаларының құрамалары шықты. Футболдан елордалық команда асқан шеберлік танытып, үздік атанса, екінші орынды батыстан келген ойыншылар иеленді. Үздіктер үштігін көкшетаулықтар қорытындылады.
– Ақтық кезеңде өзімізбен деңгейлес Қарағанды құрамасымен кездесіп, оларды жеңдік. Ал Нұр-Сұлтан командасын ең мықты ойыншылар деп атап едім. Осындай спартакиаданы ұйымдастырған петропавлдық мектепке алғысымыз шексіз. Бұндай шаралардың маңызы орасан. Өйткені, тәжірибе жинақтап, әріптестігімізді нығайтамыз. Білген-түйгенімізді алдағы сабақтарда іске жаратамыз. Бұл спартакиада оқу жылының жақсы аяқталуы болды, – деп бөлісті Көкшетау қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Жаслан Махметов.
NIS қызметкерлерінің желілік спартакиадасы арқан тарту ұлттық ойынымен қорытындыланды. Мұнда әр құраманың ең мықты деген 6 ойыншысы бағын сынады. Бұл жолы алаң иелері алдарына жан салмай, бірінші орынды қанжығаларына байлады. Елордалық топ күміс жүлдені, ал көкшетаулықтар үшінші орынды еншіледі.