Петропавлдық NIS түлектері 100% жоғарғы оқу орындарына түсті

2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 120 түлек тамамдаған болатын. Олардың барлығы өздері қалаған оқу орындарына түсе алды. 

NIS-тің 18 түлегі еліміздің жетекші жоғарғы оқу орны – Назарбаев Университетінің білім гранттарына ие болды. Тағы 11 бала АҚШ, Жапония, Гонконг, Оңтүстік Корея, Ресей, Венгрия және Түркияның алдыңғы қатарлы университеттеріне тегін оқуға түсті. Оның ішінде 10 болашақ студент толық грантқа ие болса, бір студент 80 пайыздық грант иегері атанды.

 

– Зияткерлік мектебіміздің 91 түлегі (75%) оқуларын отандық университеттерде жалғастыратын болады. Балалардың барлығы 100% толық грантқа ие болды. Биыл мектеп бітіргендардың көпшілігі Астана IT университетіне, Астана медицина университетіне, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне, Сүлейман Демирел атындағы университетке, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне және Қазақ-Британ техникалық университетіне тегін оқуға түсті, – деп атап өтті Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев. 

 

Түлектердің жартысына жуығы (45%) инженерлік-техникалық мамандықтарды таңдаса, 22%-ы медицинаға түсті. Балалардың 7,5%-ы экономикалық мамандықтарды құп көріп, 11%-ы болашағын ғылыми және 7%-ы педагогикалық мамандықтармен байланыстырған.  

Айта кету керек, биыл мектептің 5 түлегі TOP-100 QS рейтингіне енген жетекші университеттердің 5 толық грантына ие болды. Бұлар – Нью-Йорк университеті, Йонсей университеті, Гонконг политехникалық университеті, Гонконг университеті, Ресей Федерациясының жоғары экономика мектебі сияқты университеттер.