Оқушыларға арналған бағыт-бағдар

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7 сынып оқушылары үшін бағдар беру апталығы өтуде. Биыл NIS оқушыларының қатарын 120 бала толықтырды.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне өңіріміздің ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде тәлім-тәрбие алған оқушылар түсті. Балалардың ыңғайлылығы және оларды жаңа мектеппен таныстыру үшін 22 тамыздан білім ошағында 7 сынып оқушыларына арналған бағдар беру апталығы басталды.
– Бағдар беру апталығы кезінде мектеп оқушылары мектептің оқу және тәрбие процесінің ерекшеліктерімен, мұғалімдер мен сыныптастарымен, оқуға арналған ресурстармен танысып, арнайы сессияларға қатысады. Сонымен қатар жас толқын үшін оқушылардың өзін-өзі басқару мүшелерімен, қосымша білім беру педагогтарымен бірқатар кездесулер қарастырылған, – деп бөлісті директордың орынбасары Сәулет Мұқанова.
Бірінші күні әр сынып оқушылары интерактивті ойындар арқылы сыныптастарымен танысты. Сондай-ақ мектеп бойынша экскурсияға қатысып, бірегей оқу орнының тарихы мен дәстүрлері туралы білді. Балалар «NIS-те оқыту қалай ұйымдастырылған? NIS-тегі бағалау» сабағында ұстаздарын мұқият тыңдап, маңызды сәттерді өздеріне түртіп алды. Сонымен қатар, апталық аясында NIS жобалары бойынша квест-ойын, «Жоғары сынып оқушысына 100 сұрақ» сессиясы және TEDx түріндегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегерлерінің сөз сөйлеуі қарастырылған. Бұлардан бөлек оқушылар күн сайын екі сағат бойы тілдік дайындықтан өтеді.